Алматыда 2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттардың бірінші легіне өтінім қабылдау басталады. Бірінші лек аясында халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарға 190 грант беру жоспарланып отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Әділет Жаңабаев айтты.
Оның айтуынша, мемлекеттік гранттар Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін беріледі. Гранттың мөлшері - 400 айлық есептік көрсеткіш.
«2025 жылы Алматыда 433 тұрғын мемлекеттік грант иегері атанды. Ал биыл тағы 380 азаматқа грант беру жоспарланып отыр. Бұл - кәсіп бастағысы келетіндер үшін бастапқы капитал алып, өз ісін ашуға жақсы мүмкіндік», - деді ол.
Грант алуға ресми тіркелген жұмыссыз азаматтар, бір жылға дейін тіркелген жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері үміткер бола алады. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар бар.
Бағдарламаға қатысудың міндетті шарты - соңғы үш жыл ішінде алынған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығанын растайтын сертификаттың болуы.
Әділет Жаңабаевтың айтуынша, грант қаражаты қайтарымсыз негізде беріледі және оны бизнес-жобаны іске асыруға қажет құрал-жабдықтар, техника, технологиялық құрылғылар, көшет және басқа да ресурстарды сатып алуға жұмсауға болады.
Алайда бұл қаражатты жеке қажеттіліктерге, тұрғын үй немесе жер сатып алуға, несие жабуға және көлік алуға пайдалануға болмайды.
«Бағдарламаның басты мақсаты - азаматтарға тұрақты табыс көзін қалыптастырып, өз ісін дамытуға мүмкіндік беру. Көптеген грант алушылар өз жобаларын сәтті жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр», - деді Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары.
Өтініштер «Электрондық еңбек биржасы» арқылы қабылданады. Құжат тапсырғаннан кейін үміткерлердің бизнес-жобалары арнайы комиссия отырысында қаралады. Бағалау кезінде жобаның өміршеңдігі, экономикалық тиімділігі және даму әлеуеті ескеріледі.
Спикердің айтуынша, алматылықтар арасында қызмет көрсету саласы, өндіріс, қоғамдық тамақтану, шығармашылық және жартылай фабрикаттар өндіру ең танымал. Орталық бұл бағдарлама қалада өзін-өзі жұмыспен қамтуды арттырып, жаңа кәсіпкерлерді қолдауға мүмкіндік береді деп отыр.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі