Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мүгедектігі бар адамдар мен басқа да жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін қолжетімді және кедергісіз орта қалыптастыру мәселелеріне арналған брифинг өтті.
Спикер ретінде Қазақстан Республикасы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков қатысты.
Департамент басшысының айтуынша, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету - мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі әрі қоғам дамуы деңгейінің маңызды көрсеткіш.
«Қолжетімділік мәселесі - бұл тек заң талаптарын орындау ғана емес. Бұл - адам қадір-қасиетіне деген құрметтің және барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер қағидатын жүзеге асырудың көрсеткіші», - деп атап өтті Мұрат Мұратбеков.
Бүгінде Алматыда мүгедектігі бар 60 мыңдай адам тұрады. Олар үшін қолжетімді орта қала ішінде өз бетінше қозғалу, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алу, жұмыс істеу, білім алу және қоғамдық өмірге белсенді қатысу мүмкіндігін білдіреді.
Департамент әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында қолжетімділік талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізеді. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс тәртіппен өткізіліп, мамандар міндетті түрде нысандарға барып тексереді.
2026 жылдың басынан бері әлеуметтік инфрақұрылымның 45 нысанына тексеру жүргізілді. Бақылаушы органның назарында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт мекемелері, мемлекеттік ұйымдар, қызмет көрсету және кәсіпкерлік саласының нысандары болды.
Тексеру барысында пандустар мен көтергіш құрылғылардың бар-жоғына, жай-күйіне, кіреберіс аймақтардың қолжетімділігіне, санитарлық-гигиеналық бөлмелердің жабдықталуына, қызметкерлерді шақыру түймелерінің, тактильді көрсеткіштердің, мүгедектігі бар адамдарға арналған автотұрақ орындарының болуына, сондай-ақ көру және есту қабілеті бұзылған адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігіне ерекше назар аударылды.
Тексеру нәтижесінде 32 нысанға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы орындауға міндетті нұсқамалар берілді. Тағы 6 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы - 2 млн 76 мың теңге.
Сонымен қатар, спикердің айтуынша, ведомствоның негізгі мақсаты айыппұл салуды емес, қолданыстағы кедергілерді жою және азаматтардың қажетті қызметтерге нақты қол жеткізуін қамтамасыз етуді көздейді.
Қазақстан Республикасының заңнамасында мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Айыппұл мөлшері құқық бұзушының санатына қарай 50-ден 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін өзгереді. Бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі едәуір артады.
Департаментте атап өткендей, берілген нұсқамалар орындалмаған жағдайда бақылау тексерістері жүргізіліп, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес қосымша шаралар қабылданады.
Кедергісіз орта қалыптастыру мемлекет әлеуметтік саясатының маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді. Алматыда барлық санаттағы азаматтар үшін қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі