Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Отбасы жауапкершіліктен басталады: қазіргі әкелердің көзқарасы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
«Қазақстан Әкелері» республикалық қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы, «Жыл әкесі - 2020» республикалық байқауының жеңімпазы Елям Абрахманов қазіргі қоғамда отбасының бала тұлғасын қалыптастырудағы рөліне және әкенің тәрбиедегі маңызына тоқталды.
«Қазақстан Әкелері» бірлестігі 2020 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының қолдауымен құрылды. Ұйымның негізгі мақсаты - әке институтын дамыту және әкелер мен балалар арасындағы байланысты нығайту.
Спикер бүгінгі әке тек отбасының асыраушысы ғана емес, сонымен қатар, бала тәрбиесіне белсенді араласатын тәлімгер әрі үлгі болуы қажет екенін атап өтті. Халықаралық зерттеулер әкесі баланың өміріне белсенді қатысқан жағдайда оның оқу үлгерімі жоғарылап, қарым-қатынас дағдылары дамып, қоғамға бейімделуі жеңіл болатынын көрсетеді.
«Цифрландыру мен әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген қазіргі заманда бала мен ата-ана арасындағы тікелей қарым-қатынас, бірге уақыт өткізу және әкенің бала тәрбиесіне белсенді қатысуы ерекше маңызға ие. Балаға дұрыс өмірлік бағдар беріп, жауапкершілік пен қоршаған ортаға құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал етуде әкенің ролі зор», – деді Елям Абрахманов.
Өз кезегінде көпбалалы әке, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет берік отбасының негізі ата-ананың жауапкершілігі мен олардың балаға көрсететін жеке үлгісінен басталатынын айтты.
Ол қазақ халқының отбасылық тәрбиеге ежелден ерекше мән бергенін айтып, балаларға қолайлы жағдай жасаумен қатар, оларға дұрыс үлгі көрсету маңызды екенін жеткізді. Себебі баланың дүниетанымы мен мінез-құлқының қалыптасуына ата-ананың іс-әрекеті тікелей әсер етеді.
Спикер қазіргі қоғамда интернет пен әлеуметтік желілердің ықпалы артқанын, осындай жағдайда әкенің тәлімгерлік рөлінің бұрынғыдан да маңызды бола түскенін айтты. Оның пікірінше, әке баламен сенімді қарым-қатынас орнатып, оның қызығушылықтарын қолдап, дұрыс шешім қабылдауына бағыт-бағдар беруге тиіс.
Сондай-ақ, Бақыт Қалымбет жас ұрпақты жауапкершілікке, еңбекқорлыққа, үлкенді құрметтеуге, Отанды сүюге және ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеудің маңызын атап өтті. Оның сөзінше, ата-ананың баласына қалдыратын ең құнды мұрасы - материалдық игіліктер емес, адамгершілік қасиеттер мен отбасы құндылықтары.
Баспасөз конференциясына қатысушылар отбасы институтын нығайту және жауапты әке мәдениетін дамыту - саналы әрі табысты ұрпақ тәрбиелеудің басты шарттарының бірі екенін атап өтті. Олар отбасылық құндылықтарды дәріптеу мемлекет, қоғамдық ұйымдар және ата-аналардың ортақ міндеті болуы қажет деген пікір білдірді.
«Жауапты әке – берік отбасының тірегі, ал берік отбасы – қуатты әрі өркендеген мемлекеттің негізі», – деп түйіндеді спикерлер.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі