Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қазіргі қоғамдағы ең маңызды тақырыптардың бірі - әкенің отбасындағы және бала тәрбиесіндегі рөліне арналған мазмұнды кездесу өтті.

Спикерлердің бірі ретінде белгілі блогер, психолог және «Әке» подкастының жүргізушісі Әмір Жантасов қатысты. Бүгінде ол отбасының сенімді тірегі, жұбайы екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр.

Талқылау барысында қатысушылар отбасы институтының өзгеру үрдісін және бүгінгі қоғамда әке ұғымының жаңаша мағынаға ие болып келе жатқанын сөз етті. Бұрын ер адамның негізгі міндеті отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз етіп, қорғау болса, қазір қоғам әкеден бала тәрбиесіне белсенді араласып, оның күнделікті өміріне көбірек қатысуды талап етеді.

Әмір Жантасовтың айтуынша, қазіргі заманның әкесі отбасы үшін тұрақтылық пен қауіпсіздікті ғана сақтап қоймайды, сонымен бірге, бала тәрбиесіне күнделікті қатысады, баланың анасымен бірге жауапкершілікті бөліседі, баланы эмоционалды жағынан қолдайды және оған сенімді тірек бола алады.

Спикер жақсы әке болуға көмектесетін негізгі қасиеттерге ерекше тоқталды. Олардың қатарында жауапкершілік, эмоционалдық жетілу, сабырлылық, тұрақтылық және өз ісімен үлгі көрсету бар. Себебі балалар ересектердің айтқан сөзінен гөрі, олардың қалай әрекет ететінін және айналасындағы адамдарға қалай қарайтынын көбірек бойына сіңіреді.

«Материалдық қолдау отбасыға жайлылық береді, бірақ баланың тұлға болып қалыптасуына ең қатты әсер ететіні - ата-ананың балаға көңіл бөлуі», - деді Әмір Жантасов. Оның пікірінше, баламен ашық сөйлесу, бірге серуендеу немесе оның сезімі мен ойына мән беру қымбат сыйлықтардан әлдеқайда маңызды.

Кездесу барысында қазіргі ер адамдар тап болатын түрлі қиындықтар да айтылды. Бүгінде олардан табысты мансап, мықты отбасы, эмоционалдық жетілу және бала тәрбиесіне белсенді қатысу қатар талап етіледі. Алайда көптеген ер адамдардың өздері бала кезінде әкенің белсенді үлгісін көрмей өскен, сондықтан олар жақсы әке болу дағдыларын өз бетінше үйренуге мәжбүр болып отыр.

Брифингте «Әке» подкастына да ерекше назар аударылды. Бұл жоба әртүрлі мамандық иелері мен түрлі жастағы ер адамдарды біріктірген. Қонақтардың тәжірибесі бір маңызды ойды көрсетті: мінсіз әке болмайды. Бірақ жақсы әкелерге ортақ бір қасиет бар - олар қандай жағдай болса да, баласының өміріне саналы түрде араласуға және уақыт бөлуге тырысады.

Әке болуға дайындалып жүрген немесе кішкентай балалары бар ер адамдарға үн қатқан Әмір Жантасов мінсіз, қол жетпейтін идеал болуға ұмтылмауға шақырды.

«Ең маңыздысы - балаңызбен шынайы болып, оған әрдайым жақын болу. Бірге уақыт өткізу, оның ішкі әлеміне қызығу, сөйлесу және өз сезімдеріңізді ашық білдіруден қорықпау», - деді ол.

Кездесуді қорытындылай келе, спикер маңызды бір ойды еске салды: балалар ата-ананың жеткен жетістігін емес, олардың күнделікті іс-әрекетін, адамдарға деген қарым-қатынасын және отбасында қалыптасқан ортаны есінде сақтайды. Егер уақыт өте келе бала «Мен әкем сияқты болғым келеді» десе, бұл - әкенің өміріндегі ең маңызды міндеттердің бірі орындалғанының белгісі.

Қазіргі заманда уақыттың жетіспеуі жиі кездесетін жағдайда әкелік құндылықтың ең бастысы — балаға уақыт бөлу, оған көңіл аудару және махаббат көрсету. Ал отбасы ең алдымен жанында болу жауапкершілігінен басталады.

Қазіргідей уақыт тығыз немесе тапшы заманда әке үшін ең маңыздысы - балаға уақыт табу, оған көңіл бөлу және махаббатын көрсету. Ал отбасы ең алдымен баланың жанында болып, оған жауапты болудан басталады.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі