Жазғы ыстықтың басталуымен Алматы тұрғындарына күн өтуден және ішек инфекцияларынан сақтану шараларына назар аудару ұсынылады. Қала тұрғындарына жеткілікті мөлшерде су ішу, күннің тікелей сәулесі астында ұзақ уақыт болмау, сондай-ақ, азық-түлік сапасына және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтауға мұқият қарау ұсынылады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлімдеді.
Оның айтуынша, жазда ауа температурасының көтерілуі мен гигиена талаптарының сақталмауы түрлі аурулардың таралу қаупін едәуір арттырады.
«Ыстық күндері күннің ең белсенді кезінде сыртта ұзақ жүрмеген жөн. Ашық түсті жеңіл киім мен бас киім киіп, жеткілікті мөлшерде су ішу қажет. Әсіресе, балаларға, егде жастағы адамдарға және созылмалы ауруы бар азаматтарға ерекше көңіл бөлген дұрыс, өйткені олар күн өтудің қаупіне көбірек ұшырайды», – деді спикер.
Сондай-ақ мамандар жаз мезгілінде жиілейтін ішек инфекцияларының алдын алу шараларын сақтаудың маңыздылығын еске салды.
СЭБД мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы бес айында Алматыда жіті ішек инфекциясының 1318 жағдайы тіркелген, оның 70 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттану көрсеткіші 6,9 пайызға төмендеген. Сондай-ақ сальмонеллездің 12 және бактериялық дизентерияның 1 жағдайы тіркелген.
Бұдан бөлек, қалада энтеровирустық этиологиядағы серозды менингиттің 7 жағдайы тіркелген, оның бесеуі 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 28,5 пайызға артқан. Эпидемиологиялық зерттеу деректеріне сәйкес, науқастар аурудың жұғуын бұрын ауырған вирустық инфекциялармен, жеке бас гигиенасын сақтамаумен, дұрыс жуылмаған көкөністер мен жемістерді тұтынумен, сондай-ақ бассейндерге барумен байланыстырған.
Әсел Қалықованың айтуынша, ішек инфекцияларының негізгі себептері – жеке бас гигиенасы талаптарының сақталмауы, тағамды дайындау мен сақтау технологиясының бұзылуы, жуылмаған көкөністер мен жемістерді жеу және сапасыз суды пайдалану.
«Ішек инфекциясы ауруларының қаупін азайту үшін қолды жиі әрі мұқият жуу, тек таза ауызсу пайдалану, азық-түлікті дұрыс сақтау және тағам өнімдерін тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алу қажет», – деді спикер.
Департамент мамандары, сондай-ақ, тек ресми түрде рұқсат етілген орындарда шомылу және суға түсу кезінде суды жұтып қоймауға тырысу керектігін ескертті. Маусымдық сырқаттанушылықтың өсу кезеңінде бассейндерге, аквапарктерге және ашық су айдындарына барудан уақытша бас тарту ұсынылады.
СЭБД өкілінің айтуынша, санитариялық қауіпсіздік пен күн өтудің алдын алу бойынша қарапайым ережелерді сақтау денсаулыққа төнетін қауіп-қатерді едәуір азайтып, жаз маусымын қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі