Алматында балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 96,1%-ға жетіп, балабақша кезегі 46%-ға қысқарды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев осылай деді.
Қалада мектепке дейінгі 1 097 ұйым жұмыс істесе, онда 88 219 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның 201-і мемлекеттік, 896-сы жекеменшік балабақша.
Оң өзгерістің негізгі факторының бірі мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын іске асыру болды. Былтырғы шілде айынан бастап қаржыландыру жан басына шаққандағы қағидат бойынша жүзеге асты, яғни қаражат тікелей балаға бағытталады.
«Ата-аналарға балабақшадан орын алу мүмкіндігі туралы 200 мыңнан астам хабарлама жіберіліп, 115 мыңнан астам ваучер берілді. Соның нәтижесінде мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 96,1%-ға дейін өсіп, кезекте тұрған бала саны 40 747-ден 22 116 балаға дейін қысқарды», – деді Сәкен Аралбаев.
Орын тапшылығын шешу мақсатында 2025 жылы Алматыда 375 орындық екі мемлекеттік балабақша пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымға 70 орындық қосымша ғимарат салынды.
Биыл қалада жалпы саны 5 375 орынға арналған 62 балабақшаны ашылмақ. Оның ішінде 6 мемлекеттік балабақша 1 420 орынды қамтамасыз етеді, 36 жекеменшік балабақшада тағы 2 181 жаңа орын ашылмақшы.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі