Алматыда 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша мектеп оқушыларының білім сапасы 68,7%-ға жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 2,9 пайыздық тармаққа жоғары. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев осылай деді.
Қалада 360 мектеп жұмыс істейді, онда 357 225 оқушы білім алып жатыр. Мемлекеттік мектептерде 314 456 оқушы тіркелсе, жекеменшік мектептерде 42 769 бала оқиды.
Биыл 17 187 түлек 11-сыныпты тәмамдады.
Басқарма басшысының айтуынша, Алматы еліміздің білім беру саласындағы көшбасшы мәртебесін сақтап қалды. Қала құрамасы 24 жыл қатарынан жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша Қазақстанда бірінші орынды иеленіп келеді. Сонымен қатар, алматылық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауында жоғары нәтиже көрсетті.
Педагогтер де елеулі жетістіктерге жетті. Биыл №95 лицейдің мұғалімі Татьяна Белоусова халықаралық Global Teacher Prize сыйлығының нұсқасы бойынша әлемнің ең үздік 50 мұғалімінің қатарына енді.
«Түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуы маңызды көрсеткіш болып қала береді. 2026 жылы Алматыда 15 251 түлек ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр. Олардың басым бөлігі — 8 684 адам тестілеуді қазақ тілінде тапсырады, 6 566 түлек орыс тілін таңдап отыр», — дейді Сәкен Аралбаев.
Сонымен қатар, 1 990 түлек ҰБТ-ға қатыспайды. Оның негізгі себебі — шетелдік жоғары оқу орындарына түсуі. Бұдан бөлек, 342 оқушы шетелдік университеттің филиалына ішкі қабылдау емтиханының нәтижесі бойынша түсуді жоспарласа, 169 түлек колледжде білім алуды таңдаған. Биыл ҰБТ-ға қатысу үшін ерекше білім беру қажеттілігі бар 235 оқушы тіркелген.
Білім беру саласын цифрлық трансформациялауға ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі уақытта қаладағы барлық мемлекеттік мектептер жылдам интернетпен қамтамасыз етілген. 200 мыңнан астам білім беру үдерісіне қатысушы Gemini, NotebookLM және Canva сияқты замандық жасанды интеллект құралдарын пайдаланады.
Edata.kz платформасында 83 мыңнан астам цифрлық білім беру ресурсы әзірленген. Сондай-ақ барлық мектептер жасанды интеллект платформасы арқылы 6 500 электронды оқулыққа тегін қол жеткізді.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі