Алматыда жазғы демалыс пен сауықтыру бағдарламасымен 294 мың бала қамтылады. Бұл 1–10 сыныптарда оқитын оқушылардың жалпы санының 98,7%-ы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев мәлімдеді.

«Әлеуметтік осал санаттағы балалардың, жетім балалар мен ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың демалысын ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 527 миллион теңге бөлінді», – дейді Сәкен Аралбаев.

Қала сыртындағы демалысты ұйымдастыруға да көп көңіл бөлінді. Бюджет есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 2 537 бала сауықтыру лагерінде демалады.

Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар 200 бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1 000 бала жазғы демалысын мемлекеттік «Өрнек» лагерінде өткізеді. Бұдан бөлек, пәндік және IT олимпиадалардың 200-ден астам жеңімпазы «Балдаурен» орталығына жолдама алады.

1–12 маусым аралығында Алматыда 207 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеп, оларда 190 мың бала қамтылды. 42 мың оқушыға ыстық тамақ ұйымдастырылды.

«Биыл алғаш рет мектеп жанындағы лагерьлерде ерекше білім беруге мұқтаж балаларға ерекше назар аударылды. Мыңнан астам бала үшін сүйемелдеу мен бос уақытты ұйымдастыру бағдарламасы әзірленді», – деп атап өтті спикер.

Жазғы кезеңде демалыспен қатар ауқымды кәсіптік бағдар беру мен шығармашылық жұмыстар да ұйымдастырылды. Оқушылар сарайы, өнер мектептері мен қосымша білім беру ұйымдарының базасында түрлі бағдарламамен 80 мыңнан астам бала қамтылды.

Сондай-ақ 600-ге жуық оқушы қаланың 18 колледжінің базасында әртүрлі мамандықпен танысты. «Таза Қазақстан, жасыл сабақтар» жобасы аясында 20 мыңға жуық оқушы мен студент қатысқан 100 іс-шара ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек, «Каникулда кітап оқимыз» оқу мәдениетін дамыту жобасы аясында қосымша білім берудің 20 орталығында арнаулы WORKSPACE ALMATY аймақтары жұмысын бастады.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі