Алматының Қазақстанның ең үлкен халықаралық авиациялық хабы ретіндегі позициясы нығая түсті. Халықаралық әуежайды кеңінен жаңғыртумен қатар қала тікелей әуе рейстерінің географиясын кеңейтіп, келіп-кететіндер туризмі мен іскерлік белсенділікті дамытуға да жаңа мүмкіндік жасап отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы бес айында халықаралық терминал 2,215 млн шетелдік жолаушыға қызмет көрсеткен, бұл өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 10%-ға артық. Осы уақыт аралығында 20,6 мың халықаралық рейс орындалып, өсім 8,6%-ды құрады. 7 маусымдағы жағдай бойынша шетелдік жолаушылар саны 2,339 млн адамға жетіп, халықаралық жолаушылар ағынының тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр.
2029 жылға дейін Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту жоспары да бекітілді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 362 млн АҚШ долларын құрайды. 2025–2026 жылдары 90 млн доллар, 2026–2027 жылдары 170 млн доллар, ал 2027–2028 жылдары 102 млн доллар инвестициялау көзделген. Барлық жұмысты бекітілген кестемен жүргізіп жатыр.
Жобаны іске асырғанның арқасында әуежайдың өткізу қабілеті айтарлықтай артады: қазіргі 14 млн жолаушыдан 2030 жылға қарай 19 млн-ға, 2040 жылға қарай 26 млн-ға, ал 2050 жылға қарай 40 млн жолаушыға дейін жетпек.
Жаңғырту аясында бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба аяқталды. Әуежайдың Т2 терминалы жаңартылды, Т1 терминалы мен жабық автотұрақ арасын жалғайтын жаяу көпір салынды, қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған арнаулы қызмет көрсету аймағы құрылды, ішкі CIP-терминал ашылып, 340 көлікке арналған тұрақ қайта жөнделіп, аумақ абаттанды.
Биыл да жолаушылар инфрақұрылымын жаңарту жұмысы жалғасты. Келу мен багаж беру аймағындағы жұмыс бітті, екінші қабаттағы тіркеу аймағы жаңғыртылды, кіреберіс аумағында жаңа қалқа орнатылды, енді жүк кешені мен ұшақтарды мұздан тазарту инфрақұрылымын дамытып жатыр.
Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, әуежайды жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартып, өткізу қабілетін арттырып қана қоймай, халықаралық туристік ағынның өсуіне қажетті инфрақұрылымдық негіз қалыптастырады.
Маңызды бағыттың бірі — халықаралық маршруттық желіні кеңейту. Қаңтар–мамыр қорытындысы бойынша Алматы әлемнің 53 қаласымен тікелей әуе қатынасына ие болып, өңірдегі ең қолжетімді авиациялық хабтың біріне айналып отыр.
Жыл басынан бері Шанхай, Ташкент, Пусан, Варшава, Даламан, Ларнака мен Ереван бағытына жаңа тұрақты және маусымдық рейс ашылды. Сонымен қатар Самарқанд, Франкфурт пен Сеулге ұшатын рейстер қайта жанданды.
Жыл соңына дейін маршруттық желі одан әрі кеңейтіледі. Жақын арада Алматы – Измир бағыты іске қосылып, күзде Ханой – Алматы – Прага жаңа халықаралық бағыты ашылып, Қазақстанды бірден екі перспективалы туристік нарықпен байланыстырады.
«Халықаралық әуе қатынасының кеңеюі Алматының көлік қолжетімділігін арттырып, келу туризмінің өсуіне ықпал етеді, іскерлік байланысты нығайтып, қаланың экономикасын дамытуға сеп болады», — дейді спикер.
Әуежайды кешенді жаңғырту мен тікелей рейстер желісін жүйелі түрде кеңейту Алматыға Қазақстанның басты әуе қақпасы мен Орталық Азиядағы жетекші туристік орталықтың бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түспекші.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі