Алматы қонақүй қорын кеңейтіп, таудағы туристік бағыттарды да қатар жаңғыртып жатыр. Жаңа жобаны іске асыру шетелдік қонақтарды көбірек қабылдап, туристік қызмет сапасын арттырып, Алматының жыл бойы жұмыс істейтін туризм орталығы әрі халықаралық іскерлік іс-шаралардың алаңы ретіндегі позициясын нығайта түспек.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова осылай деді.
Оның айтуынша, Алматыда қазір қонақүй бизнесі саласында жалпы инвестиция көлемі 944,7 млрд теңгеден асатын 81 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр екен. Олардың қатарында 8 бес жұлдызды және 9 төрт жұлдызды қонақүй мен басқа да туристерді орналастыратын нысандар бар.
2028 жылға қарай қаланың нөмірлік қоры 12 мыңнан 18 мыңға дейін ұлғайтылады. Бұл туристер мен ірі халықаралық іс-шараға қатысушылар тарапынан өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік бермек.
2026 жылдың желтоқсан айында ашылатын 135 нөмірлі бес жұлдызды Marriott қонақүйінің құрылысы ең маңызды жобаның бірі болып отыр. Сондай-ақ 150 нөмірлі Hilton Garden Inn қонақүйі тамыз айында, 252 нөмірлі бес жұлдызды Hilton Park Almaty қазан айында ашылады. Әуежай маңындағы алғашқы халықаралық брендтік қонақүй болатын Radisson Blu Hotel Almaty Airport пен қаланың ең танымал туристік аймақтарының бірінде орналасатын Medeu Park Hotel де салынып жатыр.
Алдағы жылдары Алматының қонақүй картасы тағы бірнеше халықаралық жобамен толықпақ. 2027 жылы бес жұлдызды Hayat Meliora қонақүйін ашу жоспарланса, 2028 жылдың соңына қарай Curio Collection by Hilton санаторийлік кешені мен The Veil Hotel бутик-қонақүйі пайдалануға беріледі.
Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, қонақүй қорының артуы туристерді орналастыру сапасын арттырып қана қоймай, Алматының халықаралық форумдар, көрмелер, конференциялар мен MICE-туризм саласындағы басқа да іс-шараларды өткізу мүмкіндігін едәуір кеңейтпекші.
Маңызды бағыттың бірі — таулы инфрақұрылымды дамыту. Бүгінде табиғи аумақтарға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға, сонымен қатар олардың экологиялық құндылығын сақтауға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Үлкен Алматы көліне апаратын маршрутты абаттандыру да негізгі жобаның бірі. Ұзындығы 5,3 шақырым болатын аумақта замандық туристік инфрақұрылым элементтері жасалады, жұмысты биылғы қарашада аяқтамақ.
Сонымен қатар «Жапон соқпағы» атты жаңа сегіз шақырымдық туристік маршрутты іске қосады. Бұл жоба белсенді демалысты ұнататындар үшін жаңа тартымды орын болмақ. Құрылыс 2026–2027 жылы жүргізіледі.
Таулы бағыттарды кешенді абаттандыру аясында навигациялық белгілер, демалыс аймақтары, қарау алаңдары, орындықтар, беседкалар, ақпараттық стендтер, кіреберіс топтар мен экотуризм стандартына сай басқа да элементтер орнатылады.
Тағы бір маңызды нысан — «Алма-Арасан» жаңа визит-орталығы. Оның құрылысы осы жазда басталады. Жоба замандық туристік орталық құруды, аумақты абаттандыруды, навигация жүйесін дамытып, келушілерге арналған жайлы қоғамдық кеңістіктер ұйымдастыруды көздейді.
Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, бұлар таулы аумақтарға баруды қауіпсіз әрі ыңғайлы етеді, табиғи ландшафттарға түсетін антропогендік жүктемені азайтып, әлемдік стандартқа сай туристік инфрақұрылым қалыптастырады.
Қонақүй желісі мен табиғи туристік нысандарды кешенді дамыту Алматы туризм саласының одан әрі өсуінің негізгі факторларының бірі болып, қаланың Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі