Алматы осы заманғы туристік экожүйені қалыптастырып, қаланы Орталық Азиядағы ең үлкен туристік, іскерлік орталық етуді көздейтін жобаларды жүзеге асыра бастады. Жаңа қоғамдық кеңістіктер, жаңа қонақүй кешендері мен көрме инфрақұрылымы туристік ағынды айтарлықтай арттырып, қаланың халықаралық іс-шараны өткізу мүмкіндігін кеңейте түспекші.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова мәлімдеді.
Айтуынша, Шығыс қақпалар ауданында, 29 гектар аумақта салынып жатқан көпфункционалды Almaty Promenade кешені ең үлкен жобаның бірі екен.
Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асып, қонақүй, білім беру мен рекреациялық инфрақұрылымды біріктіретін жаңа қалалық кеңістікті құруды көздейді. Мұнда 525 астам нөмірі бар қонақүйлер, білім беру орталығы мен туристік канал салынбақ. Бұл нысандар тұрғындар мен қонақтарды тартып тұратын жаңа орынға айналады.
Тағы бір маңызды жоба — Almaty Water Garden. Ол Бауыржан Момышұлы мен Сайын көшесінің арасында, 27,3 гектар аумақта орналасады. Құрылыстың бірінші кезеңі 2026 жылдың соңына дейін аяқталып, жобаны толық іске асыру 2027 жылға жоспарланған.
Туризмді дамыту стратегиясында іскерлік туризмге ерекше назар аударылған. Осы мақсатта Алматыда халықаралық көрмелер, конгрестер, форумдар мен басқа да ірі іскерлік іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін осы заманғы көрме орталығын салуды ойластырып жатыр.
Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, қалада қазір заманға сай көрме алаңдары аздау екен, бұл ірі халықаралық іс-шараны тарту мүмкіндігін шектейді. Жаңа кешен Алматының әлемдік MICE-туризм нарығындағы позициясын айтарлықтай күшейтеді. MICE-туризм — әлемдік туристік индустриядағы ең табысты сегменттердің бірі.
Көрме орталығы ашылғаннан кейін алғашқы жылы қосымша туристік ағын шамамен 50 мың адамды құрайды, үшінші жылға қарай 120 мыңға дейін өсіп, бес жыл ішінде жылына 200 мың туристке дейін жетпекші.
Жобаның экономикалық тиімділігі мультипликативтік әсерді есепке алғанда 75 млн АҚШ долларынан асады деп бағаланып отыр.
Сонымен қатар, басқарма басшысы атап өткендей, іскерлік туризм жоғары экономикалық тиімділігімен ерекшеленеді. Орта есеппен халықаралық көрмелерге, форумдар мен конференцияларға қатысушы бір адам күніне шамамен 430 АҚШ долларын жұмсайды, бұл қарапайым туристің шамамен 70 доллар шығынымен салыстырғанда алты еседен аса жоғары.
Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, замандық қоғамдық кеңістіктер мен іскерлік инфрақұрылымды дамыту көрме алаңының тапшылығын жойып қана қоймай, Алматының халықаралық деңгейдегі іскерлік іс-шаралар өткізу алаңы ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін де арттырады.
Қорытындылай келе, ол жүзеге асып жатқан барлық жоба қаланың туристік саласын дамытатын бірыңғай стратегияның бір бөлігі екенін атап өтті.
«Біз туристік экожүйені жүйелі түрде қалыптастырып жатырмыз. Оның құрамына визит-орталықтарды дамыту, әуежайды жаңғырту, жаңа қонақүйлер салу, таулы инфрақұрылымды абаттандыру, қоғамдық кеңістіктер мен іскерлік туризм нысандарын құру кіреді. Біздің басты мақсатымыз — Алматыны қонақтарға барынша жайлы, қауіпсіз әрі тартымды етіп, олардың қалада болу уақытынарттырып, қаланың Орталық Азиядағы жетекші туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайту», — деді Ғалия Тоқсейітова.
Инфрақұрылымды кешенді дамыту туристік саланың тұрақты өсуіне, жаңа инвестицияларды тартуға және Алматының өңірдегі негізгі туристік әрі іскерлік орталықтардың бірі ретіндегі халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз қалыптастырады.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі