Биылғы алғашқы жарты жылдықта Алматы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментіне жеке және заңды тұлғалардан 6 206 өтініш келіп түскен. Осы уақытта мемлекеттік еңбек инспекторлары жоспардан тыс 566 тексеру жасап, сондай-ақ азаматтардың еңбек құқығын қорғауға бағытталған 17 профилактикалық бақылау іс-шарасын жүргізді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы орынбасары Талғат Үмбетияров осылай деп хабарлады.

Тексеріс кезінде еңбек заңнамасы 614 рет бұзылғаны анықталды. Оның 588-і еңбек қатынасына, 23-і еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға, 3-і халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаға қатысты болып шыққан.

«Жүргізілген тексерудің нәтижесінде анықталған заң бұзушылықты жою туралы 389 нұсқама берілді. Оның 266-сы орындалып, орындалу деңгейі 68,4 пайызды құрады. 309 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 63,9 млн теңгеге жетті. Оның 37,7 млн теңгесі, яғни 70,9 пайызы өндірілді», – деді.

Департамент өндірістегі жарақаттану мәселесіне де ерекше назар аударады. Департаменттің мәліметінше, биылғы алты айда Алматыда өндірісте осындай 51 оқыс оқиға тіркелген. Соның салдарынан 51 қызметкер зардап шекті: 27 адам ауыр жарақат, 21 адам жеңіл жарақат алған.

Қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау бағытында, әсіресе жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесінде де ауқымды жұмыс атқарылды. Жылдың алғашқы жартыжылдығында қаладағы 53 кәсіпорында жалпы сомасы 59,4 млн теңге болатын жалақы берешегі өтелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 105 қызметкердің еңбек құқығы қалпына келтірілді.

Қазіргі уақытта Алматыдағы төрт кәсіпорынның жалақыға берешегі бар. 73 қызметкерге тиесілі жалпы қарыз көлемі 97,3 млн теңгегі жетіп отыр.

Департамент үнемі профилактикалық жұмыс та жүргізеді. Жыл басынан бері еңбек ұжымдарымен 25 рет кездесіп, оған 200-ге жуық адам қатысты. Еңбек заңнамасын қолдану мәселесі бойынша 185 азаматқа кеңес берілді. Бұдан бөлек, департамент өкілдері бұқаралық ақпарат құралында тоғыз рет сөз сөйледі.

Есепті кезеңде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның алты отырысы өтті. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды тұрақты қабылдау жүргізіліп жатыр. Аудандық прокуратуралармен және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерімен бірлесіп еңбек заңнамасының сақталуына арналған 52 кездесу ұйымдастырылып, оған еңбек ұжымдары мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекторларының күнделікті кезекшілігі ұйымдастырылған. Кезекшілік кестесі ай сайын департаменттің ресми сайтында жарияланып отырады.

Баспасөз конференциясында Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) электрондық еңбек шарттарын енгізу мәселесі де көтерілді. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 27) тармақшасына сәйкес, жұмыс берушілер еңбек шартын жасасу, өзгерту мен тоқтату туралы, сондай-ақ демалыстың жекелеген түрін беру жөніндегі мәліметті ЕШЕБЖ-ге енгізуге міндетті.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның мәліметінше, Алматы қаласында 73 592 қызметкер туралы ақпарат әлі күнге дейін Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізілмеген.

Талғат Үмбетияров 2026 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енгенін еске салды. Бұл өзгерістер ЕШЕБЖ-ге мәлімет енгізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейді.

Атап айтқанда, мәліметтерді мүлде енгізбегені немесе уақытылы енгізбегені, толық емес ақпарат ұсынғаны, сондай-ақ қате немесе шындыққа сәйкес келмейтін деректерді енгізгені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Алғаш рет құқық бұзушылық жасаған жағдайда мынадай әкімшілік айыппұл белгіленген:

  • лауазымды тұлғаларға – 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК);
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК.

Департамент жұмыс берушілерді еңбек заңнамасының талабын уақытылы орындауға, сондай-ақ Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізілетін мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етуге шақырды. Бұл әкімшілік жауапкершіліктің алдын алуға мүмкіндік береді.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі