Өңірлік коммуникациялар қызметі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап Алатау ауданындағы негізгі нысандарға баспасөз турын ұйымдастырды. Сапар барысында журналистер аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың қалай жүзеге асып жатқанын көріп қайтты.

Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев осы нысандарды таныстырып, жобалардың қалай іске асып жатқанын, олардың әлеуметтік маңызы мен ауданды одан әрі дамыту жоспары жөнінде айтып берді.

Баспасөз турының алғашқы нысаны Ақмаржан шағын ауданында орналасқан №230 жаңа жалпы білім беретін мектеп болды. 2 мың оқушыға арналған замандық білім беру мекемесі толыққанды жұмысын бастау үшін барлық қажетті рұқсат құжатын алыпты.

«Алатау ауданында қазір 35 мектеп жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл екі жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Соның бірі – 2 мың оқушыға арналған. Қазірдің өзінде бұл мектепке 1700-ден астам бала қабылданды, 1 қыркүйекке қарай оқу орны оқушыларды толық қабылдауға дайын болады. Әрине, аудандағы оқушы орнының тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Дегенмен жаңа мектептердің ашылуы қолданыстағы білім беру ұйымдарының жүктемесін айтарлықтай азайтады. Биыл тағы бірнеше мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл оқушы орнының тапшылығын едәуір қысқартады. Мұндай жұмыс алдағы жылдары да жалғасады», – деді Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев.

№230 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Жобаның басты мақсаты – қауіпсіз әрі замандық білім беру ортасын қалыптастыру. Мектеп ең жоғары стандартқа сай жабдықталған. Мұнда информатика, робототехника, физика, химия, биология кабинеттері, STEM-зертхана, мамандандырылған шеберханалар, ресурстық орталығы бар кітапхана мен кең демалыс аймақтары жұмыс істейді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін инклюзия кабинеттері мен сенсорлық бөлме ашылған.

Оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Мектепте бейнебақылау жүйесі мен Face ID арқылы кіруді бақылау жүйесі енгізілген, сондай-ақ оқушылар ағындары жас ерекшелігіне қарай бөлінген. Ғимараттың сейсмикалық төзімділігі жоғары, 10 балдан асатын жер сілкінісіне төтеп бере алады.

Мектеп аумағы да толық абаттанған. Мұнда спорт алаңдары, стадион, workout аймағы, теннис корты мен амфитеатр салынған. Жаңа білім беру нысаны №201 мен №209 мектепке түсетін жүктемені азайтып, шағын аудан тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді білім беру инфрақұрылымымен қамтамасыз етеді.

Баспасөз турының келесі нысаны – Атлетикалық ауыл шағынауданындағы жаңа қоғамдық кеңістік болды. Биылғы мамыр айында басталған алаңқайды абаттандыру жұмысы әлі жалғасып жатыр.

Жоба балалар мен ересектерге арналған осы заманғыы әрі жайлы демалыс орнын құруды көздейді. Мұнда серуендеу аллеялары, демалыс аймақтары, заманауи шағын сәулет нысандары, балалар ойын алаңдары, көгалдандыру мен автоматты суару жүйесі салынады.

«Жұмыс 26 мамырда басталды, белгіленген мерзімде аяқталады. Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін мұнда жайлылық пен қауіпсіздіктің барлық талабына сай келетін қоғамдық кеңістік пайда болады. Әсіресе отбасылық демалыс пен спортпен айналысуға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Абаттандыру аяқталған соң бұл кеңістік аудан тұрғындарының сүйікті демалыс орнының біріне айналады деп сенемін», – деді Данияр Қырықбаев.

Жоба аясында 5,8 мың шаршы метрден астам кеспетас төселіп, 22 мың шаршы метрден астам көгал мен 4,3 мыңнан астам бұта егілді. Сонымен қатар тұрғындарға қолайлы болуы үшін 40 орындық пен қоқыс жәшігі, 21 шағын сәулет нысаны мен сыртқы жарыққа арналған 120 тірек орнатылады. Жұмыс аяқталған соң алауқай тұрғындардың отбасылық демалысы мен бос уақытын өткізуге арналған жаңа қоғамдық кеңістікке айналады.

Мердігер ұйымның директоры Дидар Қонысбаевтың айтуынша, жоба аясында шамамен 1 450 шаршы метр аумақта заманауи қоғамдық кеңістік салынып жатыр. Ол жақын маңдағы үйлерде тұратын 1 800-ден астам тұрғынның жайлы демалуына арналған.

«Негізгі жұмысты қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біздің міндетіміз – тұрғындардың сұранысына ие болатын жайлы әрі замандық қоғамдық кеңістік қалыптастыру», – деді мердігер ұйым өкілі.

Баспасөз турының соңғы нысаны Теректі шағын ауданы болды. Мұнда сумен жабдықтайтын және су бұру желісін дамытуға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асып жатыр. Жоба тұрғындарды инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етіп, аудандағы өзекті мәселенің бірін шешуге бағытталған.

Мердігер ұйымның мәліметінше, жоба аясында жалпы ұзындығы 92 шақырымнан асатын су құбыры мен кәріз желісі салынады. Қазір жұмыстың едәуір бөлігі аяқталған. Жоба іске асқаннан кейін шамамен 9 мың адам тұратын 1 700-ге жуық жеке тұрғын үй орталықтандырылған сумен жабдықтайтын және су бұру жүйесіне қосылады.

Аудан әкімінің айтуынша, тұрғындарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – аумақты дамытудың басым бағыттарының бірі. Жоба аяқталғаннан кейін Теректі шағынауданы толықтай орталықтандырылған су және кәріз жүйесімен қамтылып, тұрғындардың өмір сүру жайлылығы артып, коммуналдық қызметтердің жетіспеушілігіне байланысты әлеуметтік мәселелер шешіледі.

Баспасөз турын қорытындылаған Данияр Қырықбаев Алатау ауданы қазір қаланың ең қарқынды дамып келе жатқан аумақтың бірі екенін атап өтті. Мұнда білім беру, абаттандыру мен инженерлік инфрақұрылым саласында ірі жобалар қатар жүзеге асып жатыр. Олардың барлығы жайлы қалалық орта қалыптастырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

БАҚ өкілдері нысандардағы жұмыстардың барысымен тікелей танысып, өздерін қызықтырған сауалға жауап алып, әр жоба бойынша жан-жақты ақпарат алды.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі