Білім күні Түрксіб ауданында 600 оқушыға арналған жалпы білім беретін жаңа №226 мектеп ашылды. Алғашқы оқу күні бірінші сыныптың табалдырығын аттаған 80 оқушы осы жаңа мектепте білім алатын болды.
Салтанатты іс-шараға қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов қатысып, оқушыларды, ата-аналар мен ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Жалпы, 1 қыркүйекте Алматының Алатау, Жетісу мен Түрксіб ауданында 8 жаңа мектеп, Әуезов ауданында тағы екі балабақша ашылды.
Жаңа №226 мектепте төрт бірінші сынып жасақталды. Бірінші сынып оқушыларымен бірге бүгін жоғары сынып оқушылары да жаңа оқу жылын осындай жаңа әрі кең ғимаратта бастады.
«Әр баланың жарқын болашағын қамтамасыз ету – біздің міндет. Осыған байланысты Алматыда әр баланың сапалы білім алуына, өз қабілетін ұштауына бар жағдайды жасап жатырмыз. Биыл қалада 10 мыңнан астам оқушыға арналған 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл – білім беру инфрақұрылымын дамытып, оқушы орнының тапшылығын азайту бағытында жасалған маңызды қадам болды», – дейді сөз алған Олжас Смағұлов.

Мектеп директоры Гүлнара Сәрсенбаеваның айтуынша, жаңа мектептің ашылуы аудандағы оқушы орнының тапшылығын шешуге ықпал етпек.
«Мектебіміз 600 оқушыға арналған. Бұл аудандағы бар мектепке, оның ішінде №398 бен №211 мектепке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Мектеп жарық, кең әрі заманға сай етіп салынған. Мұнда балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған», – деді мектептің директоры.
Мектеп замандық оқу кабинетімен, зертханамен жабдықталған. Мұнда STEM-зертхана мен робототехника кабинеті жұмыс істейді. Химия, физика мен биология кабинеті, сондай-ақ алғашқы әскери дайындық кабинеті толық жабдықталған. Дене шынықтыру сабағына арналған екі спорт залы тағы бар. Оның бірі үлкен спорт залы да, екіншісі бастауыштағыларға арналыпты.
Мектепте мұғалімдер жағы жеткілікті. Мамандарды жұмысқа алар кезде олардың кәсіби тәжірибесі мен біліктілік санатын қатты ескерген. Мектептегі ұстаздардың шамамен 70 пайызы осындай жоғары біліктілік санатына ие.
Жаңа оқу жылы оқушылар үшін де ерекше басталды. Айша Төлепберген №226 мектептің 5-сыныбына ауысып келген. Оның айтуынша, жаңа мектептің заманға сай жасалған кеңістігі оны бірден баурап алыпты.
«Маған жаңа мектеп өте ұнайды. Мұнда қызықты нәрсе көп: жаңа технологиялар, картиналар. Барлығы өте әдемі әрі ерекше», – деді оқушы.
Бұл күн әсіресе бірінші сынып оқушысының ата-анасы үшін маңызды болды. Бірінші сынып оқушысы Жібектің анасы Орынкүл Саймұратова қызының мектеп табалдырығын аттағанын үй-іші қуанышпен қарсы алғанын айтты.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі