27 қыркүйекте 60-тан астам елден келген 16 мың жүгіруші 15-ші Almaty Marathon жарысына шығады. Іс-шара қарсаңында ұйымдастырушылар жаңа бағыт пен мерейтойлық жарысқа дайындық барысы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтып берді. Зерттеу бағалауынша, 2026 жылы жүгіру іс-шараларының Алматы экономикасына қосқан үлесі қазірдің өзінде 15,6 млрд теңгеге жеткен.
Almaty Marathon-ның 15 жылдығына орай 2018 жылдан бері алғаш рет барлық қашықтықтың бағыттары толық жаңартылды. 42,2 км марафон қаланың орталығы мен тарихи бөлігін қамтитын бір айналымнан тұрады. Сөре Абай алаңында, ал мәре Республика алаңында орналасады. Бағыттар World Athletics талаптарына сәйкес өлшеніп, сертификатталған.
Бағдарламада марафон, жартылай марафон, 10 км жүгіру және скандинавиялық жүріс, сондай-ақ командалық Экиден эстафетасы бар. Сонымен қатар 42,2 км және 10 км қашықтықтарда Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді.
Биыл жарысқа 1 500-ден астам шетелдік жүгіруші қатысады. Қатысушылар арасында Ресей, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ұлыбритания, Германия, Беларусь және АҚШ азаматтары басым.
«Бірінші болу – батылдық» қорының Алматыдағы 2026 жылғы жүгіру жарыстарының жиынтық экономикалық әсері қазірдің өзінде 15,6 млрд теңгеге жетті. Оның шамамен 3 млрд теңгесі салық түрінде бюджетке түсті – бұл қаладағы туризм саласынан түскен барлық салық түсімдерінің 3,3%-ын құрайды. Маусым әлі жалғасып жатқандықтан, қорытынды көрсеткіштер бұдан да жоғары болады.
Есепке ұйымдастырушылардың, қатысушылардың және олармен бірге келген туыстары мен достарының шығындары, сондай-ақ осы қаражаттың басқа салаларда қалыптастыратын қосымша айналымы енгізілді. Зерттеу бағалауынша, әр қатысушыға орта есеппен 1,6 еріп жүрушіден келеді.
Алматыдан тыс жерлерден келген және шетелдік жүгірушілер қатысушылардың 21%-ын құрағанымен, барлық шығынның 73%-ын құрады. Олар еріп жүрушілерімен бірге Алматы экономикасына 5,3 млрд теңге әкелді. Еріп жүрушілерін қоса есептегенде, бір шетелдік қатысушының экономикалық әсері орта есеппен 1,82 млн теңгені құрады – бұл жергілікті жүгірушіден түсетін көрсеткіштен 16 есе жоғары.
Сауалнамаға қатысқан шетелдіктердің 64%-ы үшін жарыс Алматыға келудегі негізгі мақсат болса, тағы 16%-ы үшін сапар мақсаттарының бірі болған. Олардың жартысына жуығы қалада алты және одан да көп күн болған, ал 87%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлап отыр.
Ең көп қаражат орналастыру саласына түскен – 3,7 млрд теңге. Бөлшек саудаға 1,2 млрд теңге, көлік саласына 1 млрд теңге, ойын-сауық саласына 900 млн теңге, қоғамдық тамақтану саласына 800 млн теңге тиесілі. Жалпы экономикалық әсердің төрттен біріне жуығын спортпен тікелей байланысты емес салалар, соның ішінде азық-түлік өндірісі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қаржылық қызметтер қалыптастырды.
«Almaty Marathon әлдеқашан бір күндік іс-шарадан әлдеқайда ауқымды жобаға айналды. Қатысушылармен бірге қалаға олардың отбасы мен достары да келеді. Олар мұнда бірнеше күн аялдап, қонақ үйлер мен көлік қызметтерін пайдаланады, мейрамханаларға, дүкендер мен көрікті жерлерге барады. Шетелдік жүгірушілердің басым бөлігі Алматыға қайта келгісі келетіні де маңызды. Осылайша марафон Алматыны жаңа аудиторияға таныстырып, қала экономикасын қолдауға ықпал етеді», – деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Мерейтойлық жарыстың халықаралық қатысушыларының қатарында 2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы, жапондық марафоншы Юки Каваучи бар. Ол Қазақстан мен Орталық Азияға алғаш рет келіп, жарысқа өзі де қатысады. Оның сапары Daikin компаниясының қолдауымен жүзеге асады.
10 км қашықтыққа қатысушылардың бірінші легі сағат 06:00-де, екінші легі 06:15-те сөре алады. Марафон сағат 07:30-да, ал жартылай марафон 07:45-те басталады.
Қалалық және жедел қызметтердің жұмысын Іс-шараларды басқарудың бірыңғай орталығы үйлестіреді. Бағыт бойында жеті медициналық шатыр, ал мәреде екі шатырлы госпиталь орналасады. 12 жедел жәрдем бригадасы, 16 веломедик, 84 медициналық ерікті және түрлі бағыттағы 40 дәрігер кезекшілік етеді. Іс-шараны ұйымдастыруға 1 500-ден астам ерікті қатысады.
Қайырымдылық Almaty Marathon-ның алғашқы жарыстан бері ажырамас бөлігі болып келеді. 15 жыл ішінде «Бірінші болу – батылдық» қоры жалпы сомасы 500 млн теңгеден асатын 30-дан астам жобаны жүзеге асырды. Қаражат спорт алаңдарын салуға, сенсорлық бөлмелер мен емдік дене шынықтыру залдарын ашуға, сондай-ақ оңалту және медициналық жабдықтар сатып алуға бағытталды.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі