Алатау ауданында 2026 жылғы қаңтар–шілде айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 743,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 28,8%-ға артты. Осы кезеңде бөлшек сауда тауар айналымы 290,9 млрд теңгеге, негізгі капиталға салынған инвестиция 279,5 млрд теңгеге жетті.
Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы баяндады.
Жеті айдағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 743,8 млрд теңгені құрап, өткен жылы бұл көрсеткіш 576,6 млрд теңге болған. Нақты көлем индексі 151,9%-ды құрады. Қаланың жалпы өнеркәсіп өндірісі көлемінің 42,5%-ы Алатау ауданына тиесілі.
«Өнеркәсіп секторы аудан дамуының негізгі бағытының бірі болып қала береді. Қазір өнеркәсіп өнімінің көлемі былтырғы осы уақытпен салыстырғанда оң өзгеріс көрсетіп отыр», – деп атап өтті Данияр Қырықбаев.
Сауда саласында есепті кезеңде бөлшек сауда тауар айналымы 290,9 млрд теңгені құрады. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда ол 29 млрд теңгеге немесе 11%-ға өскен.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – инвестиция көлемінің артуы. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция 279,5 млрд теңгені құрап, өткен жылғы деңгейден 81,9 млрд теңгеге жоғары болды.
Салық түсімі бойынша да оң динамика байқалады. 2026 жылдың басынан бері ауданнан мемлекеттік бюджетке 119,9 млрд теңге түсті. Бұл былтырғы осы кезеңіндегі 113,1 млрд теңге көрсеткіштен 6,5 млрд теңгеге артық.
Жалпы соманың 47,5 млрд теңгесі республикалық бюджетке, 72,1 млрд теңгесі жергілікті бюджетке бағытталды.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі