Алатау ауданында 2026 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 43 жоба жүзеге асып жатыр. Оларды іске асыруға бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Барлық жұмысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтамақ ойда.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев осы туралы баяндады.
Қазіргі уақытта барлық жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатыр. Негізгі бағыттың бірі – шағына удандардағы қоғамдық кеңістік пен жаяу жүргіншілер аймақтарын жаңарту.
Мәселен, Саялы шағын ауданында ВОАД пен Ақ-Қайнар көшесінің қиылысында орналасқан «Ұлы дала» саябағын абаттандыру қолға алынды. Саябақтың аумағы 1,2 гектарды құрайды, жобаның құны – 273,2 млн теңге.
«Жоба аясында декоративті жарықтандыруы бар жеңіл сәулеттік конструкциялар, арт-нысандар мен жаңа жарық тіректері қойылады. Сондай-ақ ағаш пен бұта егіліп, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылып, басқа да ілеспе жұмыс қатар істеледі», – деді аудан әкімі Данияр Қырықбаев.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы абаттандыру және қалалық ортаны дамытуға байланысты жобаларға қаражат бағыттауға мүмкіндік береді. Биыл Алатау ауданында 43 бастама іске асыруға енгізілді.
Барлық жобаға қатысты жұмысты биылғы қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі