Алматыда қауіп тобына жататын тұрғындарды тұмауға қарсы тегін вакцинациялау үшін 250 мың доза вакцина сатып алынды. Вакцинаны қыркүйектің үшінші он күндігінде жеткізбек. Екпе салу науқанын содан кейін бастайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова осылай деп хабарлады.
Биыл жергілікті бюджет есебінен «қауіп тобына» жататын адамдарды вакцинациялау үшін Ресейде өндірілген «Гриппол Плюс» үш валентті вакцинасының 250 мың дозасы сатып алынды. Бұл қала тұрғындарының жалпы санының 10,3%-ын қамтиды деген сөз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың кемінде 10%-ын вакцинациялауды ұсынады.
Препарат тұмау вирусының үш түрінен: А типінің екі және В типінің бір түрінен қорғануға арналған.
Қауіп тобына жататын азаматтарды вакцинациялау науқанын 2026 жылғы 30 қарашаға дейін өткізбек ойда. Гаухар Қаткенованың айтуынша, вакцинация үшін ұсынылатын кезең қыркүйек айынан басталады. Бұл маусымдық сырқаттанушылықтың өсуіне дейін иммунитет қалыптастыруға сеп болады.
«Бүкіл әлемде тұмаудан сенімді қорғанудың негізгі әдісі — вакцинация. Алматыда жыл сайын «қауіп тобына» жататын азаматтарға екпе салады. Вакцинация асқынудың жиілігін едәуір төмендетеді», — дейді спикер.
Кімдерге вакцина тегін салынады?
Тегін вакцинация:
- медицина қызметкерлеріне;
- медициналық бақылауда тұрған балаларға;
- алты айдан асқан, жиі ауыратын балаларға;
- балалар үйі мен жетім балаларға және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілеріне;
- мүгедектігі бар адамдарға;
- қарттарға арналған мекемелерді қоса алғанда, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушыларына жүргізіледі.
Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша:
- жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдерге;
- мектеп оқушыларына;
- жүрек-қан тамыры мене тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруы барларға;
- 65 жастан асқан тұрғындарға вакцина салынады.
Медициналық ұйымдарда тегін вакцина алуға құқығы бар азаматтардың тізімі алдын ала жасалған. Вакцинацияны арнайы оқытылған медицина қызметкерлері егеді. Білім беру ұйымдарында, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен ұжымдарда көшпелі бригадалар жұмыс істейді.
Қызмет көрсету саласының, көлік, қонақ үй мен сауда-ойын-сауық орталығы қызметкерлеріне вакцинаны жұмыс берушінің есебінен салады.
Қаланың басқа тұрғындары жеке медициналық орталықтарға жүгініп, ақылы негізде вакцина ала алады.
Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай
Гаухар Қаткенованың айтуынша, қазір Алматыда жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бақылау деңгейінің шекті көрсеткіші асқан жоқ.
Биылғы 37-аптада қалада 18 877 ЖРВИ жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 779,4 болды. Бұл алдыңғы аптадағы көрсеткіштен 8,8%-ға жоғары да, былтырғы осы уақыттағы көрсеткіштен 1,3%-ға төмен.
ЖРВИ-мен ауырғандардың 59,6%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Есепті аптада 11 253 бала ауырған.
Мектеп оқушылары арасында 202 жағдай анықталды. Бұл барлық оқушының 0,06%-ын құрайды.
Брифинг кезінде Алматыда тұмау жағдайлары тіркелмеген. Зертханалық мониторинг нәтижесінде риновирус, парагрипп, РС-вирусы және маусымдық коронавирус айналымда екені анықталды.
Көпжылдық эпидемиологиялық және зертханалық мониторинг нәтижелеріне, Қазақстан Республикасындағы тұмау вирустарының басым субтиптерінің ауысуына жүргізілген талдауға, молекулалық-генетикалық зерттеулер мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұмауды эпидемиологиялық қадағалау мен оған ден қою жөніндегі жаһандық жүйесінің (GISRS) мәліметтеріне сәйкес, 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда тұмау вирустарының A(H1N1)pdm09, A(H3N2) және B типінің Victoria желісінің қатар айналымда болуы болжанып отыр.
Кімдер маска тағуы керек?
Гаухар Қаткенова маска тағу талаптарына да түсініктеме берді.
«2026 жылғы 1 қазаннан бастап медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлері үшін маска тағу режимі енгізіледі. Қалған тұрғындар үшін, соның ішінде қоғамдық көлікте жүрген кезде, маска тағу ұсыныс сипатында болады. Инфекция жұқтырған адамдарды дер кезінде анықтау мен мектеп пен ұжымдарда аурудың таралуына жол бермеу мақсатында балалар мен қызметкерлердің күн сайын таңертеңгі және ауысым алдындағы сүзгіден өтеді», — деді спикер.
Медициналық ұйымдардың кіреберістерінде де ЖРВИ мен тұмау белгісі бар пациенттерді анықтауға арналған сүзгілеу ұйымдастырылған.
Шақыруларды қабылдау үшін арнаулы телефондар бөлінген, ал пациенттерге үйде медициналық көмек көрсету үшін көлік қарастырылған. Ұлттық сараптама орталығының қалалық филиалы қажетті тест-жүйелермен және реагенттермен толық қамтамасыз етілген.
Әр аудан бойынша профилактикалық іс-шаралар жоспарлары әзірленді. Медицина қызметкерлері вакцинация жүргізу және маусымдық инфекциялары бар пациенттерге медициналық көмек көрсету бойынша оқытылуда.
30 қыркүйекте Алматы қаласының бас штаттан тыс инфекционисті мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының қатысуымен қалалық семинар өткізу жоспарланған.
Тұрғындарға қандай кеңес берілді?
«Жыл сайын тұмау жағдайлары күзгі-қысқы кезеңде тіркеледі. Тұмаудың клиникалық ағымы пневмония, бронхит сияқты түрлі асқынулармен қатар жүруі мүмкін. Сондай-ақ жүрек-қан тамыры мен жүйке жүйесі асқынып, созылмалы аурулар өршуі ықтимал. Тұмау әсіресе жас балалар, қарттар мен әлсіреген адамдарға қауіптірек», — деді Гаухар Қаткенова.
Сырқаттанушылық өскен кезеңде спикер:
- адам көп жиналатын іс-шараларға баруды шектеуді;
- бөлмелерді үнемі желдетуді;
- ылғалдап тазалауды;
- жеке бас гигиенасын сақтауды;
- ауа райына сай киінуді ұсынды.
ЖРВИ-мен ауырған адамдармен байланыстан аулақ болған жөн. Егер мұндай байланысты болдырмау мүмкін болмаса, маска қолдану ұсынылады.
Белгілер пайда болған жағдайда үйде қалып, медицина қызметкерін шақыру және өз бетінше емделмеу қажет.
Жөтелгенде және түшкіргенде ауызды майлықпен немесе орамалмен жабу, қолды мүмкіндігінше жиі жуып отыру керек.
Ауырып қалған балаларды мектепке, балабақша мен мәдени-көпшілік іс-шараға жіберуге болмайды.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі