Алматыдағы Central Avenue тұрғын үй кешенінің ауласында қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға және пластикті қайта өңдеуді насихаттауға бағытталған экологиялық акция өтті.

Іс-шараны BI Group пен ECO Network компаниялары «Eco Almaty» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырды. Сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін тұрғындар пластик қақпақтар мен бөлек жиналған басқа да қайталама шикізатты тапсырып, сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу процесін өз көздерімен көре алды.

Акцияның ерекшелігі – қатысушылар пластикті тапсырып қана қоймай, оны қайта өңдеу процесіне тікелей қатысу мүмкіндігіне ие болды. Арнайы алаңда экотрак, велошредерлер және пластикті балқытуға арналған жабдықтар жұмыс істеді.

Қатысушылар жиналған пластикті өздері ұсақтап, кейінгі қайта өңдеу кезеңдерімен танысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат тұрғындарға қалдықтарды сұрыптағаннан кейін олардың қандай жолдан өтетінін көрнекі түрде көрсетуге және қоқысты бөлек жинауға деген жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Жиналған қайталама шикізат өлшенді. Ал ECO Network жүйесінде тіркелген пайдаланушыларға тапсырылған пластик көлеміне сәйкес econetwork.me мобильді қосымшасында арнайы ұпайлар есептелді.

Мұндай экологиялық акциялар қала тұрғындарын қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларға тартуға және қалдықтарды қайта өңдеудің маңызын түсіндіруге мүмкіндік береді.

Өйткені қайталама шикізатты қайта өңдеуге жіберу процесі ең алдымен қалдықтарды дұрыс сұрыптаудан басталады.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі