Алматы білім беруді цифрлық жүйеге бейімдеп жатыр. Ақпараттық технология, жасанды интеллект пен цифрлық білім беру платформасын қолданғалы бері педагогтер мен оқушылардың қолы ұзарып қалды.

Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының қалалық ғылыми-тәжірибелік орталығы бөлімінің басшысы Айгүл Болатбекова мәлімдеді.

Қазір қаладағы барлық 230 мектепте жасанды интеллект құралы қолданады екен. Google Workspace сервисіне 21 мыңнан астам педагог қосылған. Бұл сабақты интерактивті әрі шығармашылық тұрғыдан қызықты өткізіп, сабаққа дайындалып, оны ұйымдастыратын мұғалімге көп мүмкіндік сыйлап отыр.

Робототехниканы дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Қазір қаладағы 60 мектепте осындай платформа енгізіліп жатыр. Оның көмегімен оқушылар мен педагогтер жасанды интеллект құралдарын меңгеріп, роботтарды бағдарламалауды, өзінің технологиялық жобасын әзірлеуді үйренеді.

2027 жылы бұл платформаны қаланың барлық мектебіне енгізбек ойда.

Сонымен қатар Алматыдағы 235 мектептің барлығы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Бұл цифрлық білім беру ортасын одан әрі дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптастырады.

«Жасанды интеллектті пайдалану білім беру үдерісінің сапасын арттырып, оған қатысушылардың әлеуетін ашып, педагогикалық шеберлікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», — деп толықтырды Айгүл Болатбекова.

Алдағы уақытта Алматының бірыңғай цифрлық білім беру экожүйесін дамыту, жаңа білім беру платформалары мен жасанды интеллект құралдарын енгізу, сондай-ақ педагогтердің замандық ақпараттық технологияларды меңгеруіне арналған оқыту бағдарламасын кеңейту басымдыққа айналмақ.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі