Алатау ауданының егу пункттерінде 2 маусымнан бастап күн сайын вакцина алғандарға 30 маусымда өтетін лотерея ұтыстарына қатысу ұсынылды.
Алатау ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен және кәсіпкерлік қауымдастықтың қолдауымен "Ертеңгі күн – бетпердесіз!" деген атаумен акциялар өтуде.
Ұтыс ойындары Алатау ауданындағы барлық шағын аудандарда, оның ішінде 27 егу орталығында өтеді. Екпе салу үшін 5 мобильді бригада жұмыс істейді. Олар вакцина салу үшін кәсіпорындар мен ұйымдарды аралайды.
Алатау ауданының бас дәрігері Әлия Мазбаева акцияның коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған адамдар арасында өтіп жатқанын айтты. Кепілдендірілген жүлделердің ішінде пайдалы заттар, ыдыс-аяқ жинағы, шаш кептіргіш, әмиян мен сүлгілер бар.
Сонымен қатар, барлық вакцина алғандар 30 маусымда Алатау ауданы әкімдігінің алдындағы алаңда өтетін жүлделердің басты ұтыс ойынына қатыса алады. Үйге арналған тұрмыстық техника, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, қысқа толқынды пеш пен басқа да сыйлықтар ойнатылады.
Ә. Мазбаеваның айтуынша, аудан тұрғындары вакцинаны жүлделі ұтыс алу үшін емес, індетті жұқтырмау мақсатында алуда.
«Адамдар саналы түрде келіп, вакцина алуда. Олар вакцинаның пандемияға қарсы тұрудың ең тиімді құралы екенін әрі иммундық жүйені дамытатынын, тіпті ауру жұқтырған жағдайда антиденелерді жедел қалыптастыратынын, вирусты жоятынын біледі", - деп түсіндірді Ә. Мазбаева.
Вакцина қабылдамас бұрын барлық науқастардың жағдайы бақыланады. Міндетті тексеруді дәрігер жүргізеді. Сондай-ақ вакцинадан кейін науқасты 30 минут бақылауда ұстайды. Ал, ұтыс лотереясын алу үшін сауалнаманы толтыру қажет, берілетін барлық купондар тіркеледі.
Ертең, 9 маусымда ұтыс лотереясы соңғы рет ойналады.