Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі онлайн-презентация барысында қаланың сарапшылары мен қоғам белсенділерін қамтитын көлік кеңесін құру туралы айтты.

Б. Сағынтаевтың айтуынша, қозғалыс үшін қолайлы жағдай жасау және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында Алматы қаласы әкімінің жанынан Көлік кеңесі құрылды. Оның құрамына сарапшылар мен әлеуметтік белсенділерді қосқанда 17 адам кірді.

Кеңестің міндетіне қала әкімдігінің әкімдіктері мен сараптамалық қоғамдастық арасындағы қаланың көлік жүйесі мен агломерациясын дамытуды кешенді жоспарлау мәселелері бойынша тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету кіреді.

Кеңес қала әкіміне көлік инфрақұрылымын жақсарту, көлік инфрақұрылымы жобаларын мониторингілеу мен бағалау, соның ішінде МЖӘ аясында ұсыныстар енгізеді. Көлік саласында туындайтын қоғамдық мәселелер бойынша әкімдікке кеңестер береді.

Қоғам белсенділерімен талқыланған мәселелердің бірі – велосипед инфрақұрылымын дамыту. 23 көшедегі веложолақтар мен веложолдардың жалпы ұзындығы 89 км. 1460 велосипеді бар Almaty Bikе велотізбегінің 187 станциясы орнатылған. Бұл қызметтің 50 мыңнан астам пайдаланушысы тіркелген.

2020 жылы 4 көшеде 7 шақырым велосипед инфрақұрылымы абаттандырылады. Биыл 5 шақырымға тағы 10 шақырым веложолақ пен веложолды жабдықтау жоспарланған.

Сонымен қатар, тамызда Алматы қаласының велосипед пен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту стратегиясын бекіту жоспарланып отыр.

Бұл құжат велосипедпен жүру мен жаяу серуендеуді қауіпсіз әрі тартымды ету үшін даму индикаторын және іске асыру жоспарын белгілейді. Осылайша қазіргі заманғы қаланың бірнеше мәселелері шешілмек. Яғни ауа тазарады, сосын әсіресе жастар арасында белең алған селқостықпен күресуге септігін тигізбек.