Еске салсақ, Алматыда коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Құрбан айт мерекесіне арналған барлық іс-шара онлайн-форматта өтеді. Жетісу ауданы "Әли Мұхаммед" мешітінің бас имамы Қанатәлі Тақыров өз сұхбатында індетке байланысты діндарларға қауіпсіздік шараларын сақтау туралы ескертті. Діннің жеке адамның, бүкіл қоғамның денсаулығын сақтауды талап ететінін айтты. Сондай-ақ бүкіл әлем мұсылмандары енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауда.
Қанатәлі Тақыров Құрбан Айт мерекесі туралы жан-жақты айтып берді.
"Исламда қасиетті екі мереке бар. Бірі біз күткен Құрбан айт пен Рамазан айында өтетін Ораза айт. Қасиетті Құрбан айт мерекесі Ибраһим пайғамбар (с.ғ.с) кезінен бастау алады. Ол ұлын құрбандыққа шалуға келісіп, Аллаға мойынсұнды. Алайда Алла тағала жерге құрбандыққа шалынған қошқарды жіберді. Біз бұл сүннетті әрі игі жолды қайталаймыз", – деді имам.
"Құрбан" сөзі "жақындау", "жақын болу" дегенді білдіреді. Діни термин ретінде бұл белгілі бір уақытта Құдайға құлшылық ету ниетімен жануарды құрбандыққа шалуды айтады. Құрбан айт мерекесі Зулхижжа айының алғашқы 10 күнінде тойланады. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ислам мерекелерінің ресми күнтізбесіне сәйкес, Құрбан айт мерекесі биыл 20, 21 және 22 шілдеге келеді.
Қанатәлі Тақыровтың айтуынша, Ханафи мазхабына сәйкес, құрбандық шалу – уәжіп, яғни міндетті.
"Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай деді: "Кімде-кім бір тамшы қанмен құрбандық шалса, барлық күнәлары кешіріледі. Ал құрбандыққа шалынған мал оған қиямет күні көмектеседі", – деді Жетісу ауданы мешітінің бас имамы.
Мереке туралы айта келе Қанатәлі Тақыров биыл індетке байланысты айт намазы, сондай-ақ Алматы мешіттерінде құрбандық шалудың тоқтатылғанын хабарлады.
"Осы себептерге байланысты Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы www.qurban2021.kz сайтын іске қосты. Оның көмегімен діндарлар көмекке мұқтаж отбасыларға малды қашықтан садақа ретінде бере алады. Өтінімдер 22 шілде күні сағат 14.00-ге дейін қабылданады", – деді Қ. Тақыров.
Өткен жылы карантин кезінде 1100-ден астам ұсақ мал мен 50 ірі қара құрбандыққа шалынды. Қазірдің өзінде өтінімдер шамамен бірдей көлемде келіп түсуде. Соңғы деректер кейінірек шығарылады.
Құрбандық еті мұқтаж отбасыларға таратылады әрі балалар мен қарттар үйі сияқты мемлекеттік мекемелерге жіберіледі. Өткен жылы құрбандыққа шалынған малдың етін 5 500-ге жуық адам алды.
"Әли Мұхаммед" мешітінің бас имамы діндарларды қашықтық форматында құрбандық шалуды алаңдамауы керек деді. Дінге сәйкес бұл қолайлы.
"Шынында көпшілік адамда күмән бар. Бірақ онысы негізсіз. Құрбан айт кезінде екінші адамға құрбандық шалу қарастырылған, бұл шариғатта бар. Мысалы, егер адам алыс қалада немесе іс сапарда болса. Сондай-ақ сол жерде құрбандық шалу мүмкін болмаса, онда ол сенімді адамға Алматы қаласында рәсім өткізуге уәкілеттік бере алады. Індет себебінен құрбандық шалуды онлайн өткізу осыған негізделген", – деп түсіндірді Қ. Тақыров.
www.qurban2021.kz сайты өз кезегінде қайырымдылық жасайтындар мен мұқтаж адам арасындағы байланыстырушы құрал. Тапсырыс берушілерге рәсімді өткізу туралы толық бейнебаян көрсетіледі. Мұның бәрі арнайы мал сою орындарында адам көп жиналмайтындай етіп ойластырылған. Сіз сол сайттағы ұсыныстармен толығырақ таныса аласыз.
"Барлық ет мұқтаж отбасыларға таратылады. Оны дін өкілдері, имамдар жеткізеді. Өткен жылы еріктілер көмек көрсетті. Биыл да еріктілер ет жеткізуге көмек көрсетуге дайын", – деді Жетісу ауданы мешітінің бас имамы.
Қанатәлі Тақыров мереке рәсімдері мен ережелері туралы айта келе, 85 грамм алтын құнына тең ең төменгі жеткілікте мұсылмандарға құрбандық шалу міндетті екенін, бұл 2021 жылғы жағдай бойынша 1 230 000 теңгені құрайтынын айтты.
"Егер мұсылманның мүлкі, үйі, автокөлігі болса, шариғатта құрбандық шалу міндетті. Мүмкін болса, ол ірі қара малды құрбандыққа шалуға немесе бір қошқармен шектелуге тиіс. Құрбан айттың негізгі мәні – діндарлар арасында мейірімділік, жомарттық пен қайырымдылықтың қалыптасуы екенін түсіну керек", – деді дін қызметкері.
Қанатәлі Тақыров бұл ретте ешқандай мәжбүрлеу болмайтынын айтты. Сондай-ақ құрбандық шалуға ниет білдірушілер арнайы сайттың мүмкіндіктерін үйден шықпай-ақ пайдаланады. Бұл мерекені көмекке мұқтаж адамдар қатты күтеді.
Сөз соңында Қанатәлі Тақыров барлық діндарларды өздерінің рәсімін шектеуге, қонаққа бармауға, жаппай іс-шаралар өткізбеуге, санитарлық нормаларды сақтауға және үйде намаз оқуға шақырды.
Айта кетсек, Алматы қаласы мұсылмандар Діни басқармасы вакцина науқанын қолдап, осы тақырыпта мешіттерде түсіндірме жұмыстарын өткізеді.