Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы кезінде Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев мәлімдеді. Ол өткен жылдан бастап қала әкімі Б. Сағынтаевтың бастамасымен Алматының Алатау ауданында арнайы шығармашылық хаб іске қосылғанын еске салды.
Ғ. Майлыбаевтың айтуынша, жаңа кеңістікте балаларға арналған 25 тегін шығармашылық үйірме, коворкинг-кеңістік пен шеберлік сабақтарына арналған алаңдар тұрғындарға қызмет көрсетеді. Келушілердің саны жыл басынан бері 100 000 адамнан асып кетті.
«Алматы-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясындағы басым бағыттардың бірі – шығармашылық индустрияны дамыту. Сондықтан мұнда Мұрат Мұтұрғановтың «Сен жұлдызсың» цирк өнері мектебі, Диана Шарапованың вокал мектебінің музыка курстары, «Art Bit» мультимедиялық өнер орталығы – өнердегі жаңа технологияларға бағытталған оқу-көрме орталығы тегін жұмыс жасайды. Хаб қазіргі заманғы өнер түрлерінен басқа, халықтық дәстүрлерді шығармашылықпен зерттеуге мүмкіндік береді. Осындай үйірмелердің бірі – Etnokonstruktor - халықтық дәстүр рухындағы ойын», - деді Ғ. Майлыбаев.
Мәдениет басқармасы басшысының пікірінше, «ALATAU CREATIVE HUB» мәдени, интеллектуалдық және дарынды дамытудың шынайы ошағына айналды.
Спикер стратегия аясында қаладағы Мәуленов көшесі, 46 мекенжайда жаңа кітапхана, сондай-ақ Назарбаев даңғылы, 122 мекенжайда «MEDEU CREATIVE HUB» музыкалық өнерге баулитын жастар орталықтарының ашылатынын айтты. Мұнда жыл сайын 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда.