Бүгінгі таңда Алматы қаласының 435 мыңға жуық тұрғыны сақтандырылмаған. Сақтандыру жүйесінен тысқары қалғандар кімдер? Олардың жүйеге енбеуіне не себеп? Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы осы және өзге де маңызды сауалдарға жауап берді.
Сарапшылар сақтандырылмаған тұрғындардың портретін жасаған. Оның:
- 21% – Жалдамалы жұмыскерлер
- 21,4% – Азаматтық-құқықтық келісімшарт арқылы еңбек ететіндер
- 4,2% – Жеке кәсіпкерлер
- 25,4% – Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер
- 2,8% – Өз бетінше төлеушілер
- 32,3% – Жүйе енгізілгелі бері бірде-бір рет төлем жасамағандар құрайды.
«Қор медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, азаматтарды МӘМС жүйесімен қамту деңгейін арттыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізеді. Бүгінде 1,6 млн алматылық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Олар қажет болған жағдайда кез-келген уақытта медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді ешбір шектеусіз пайдалана алады. Бірақ осы жүйеге енбей қалған, өздерін белгілі-белгісіз себептермен сақтандырмаған 435 мың адам сақтандыру пакетіндегі ауқымды қызметтерді пайдалану мүмкіндігінен қағылып отыр», - деді МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.
Сақтандырылмау себебі неде?
Жалдамалы жұмыскерлер
Бұл санаттағы азаматтар Egov.kz электронды үкімет порталына кіріп, статусын тексеріп отырғаны дұрыс. Порталдағы «МӘМС жүйесіне төленген төлемдер мен медициналық қызметтерді пайдалану туралы мәлімет беру» деп аталатын онлайн-қызмет арқылы жұмыс берушінің ай сайын аударып отырған аударымдары жайлы ақпар алуға болады.
Мысал №1: Жәнібек кәсіпорында 2020 жылдан бері еңбек етеді. Жұмыс беруші ай сайын оның айлығынан салықтармен қатар МӘМС жарнасын да ұстап отырады. Сондықтан ол «сақтандырылған» болуы тиіс болатын. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты есепші 2021 жылы 1-2 айдың ақшасын аудармаған немесе қате төлегендіктен төлем қайтып келген. Салдарынан Жәнібек сақтандырылмаған болып шығады. Сондықтан статусты уақтылы тексеріп отыру қажет. Мұндай жағдайда жұмыскер жұмыс берушіден берешекті өтеуді талап етуге құқылы.
Мысал №2: Айгүл жұмысқа 2021 жылдың қаңтарынан бастап орналасты. Сол кезден бастап жұмыс беруші оның атына тұрақты түрде жарна аударады. Бірақ ол Qoldau 24/7 мобильді қосымшасынан өзінің сақтандырылмағанын білді. Себебі Айгүл жұмысқа орналасқанға дейін сақтандыру жарнасын төлемеген болатын. Қолданыстағы заң бойынша, МӘМС жүйесіне қосылу үшін соңғы 12 айдың төлемі жасалған болуы шарт. Яғни, ол 2020 жылдың қазанынан бастап 2021 жылдың қаңтарына дейінгі аралықтағы қарызын өтеуі тиіс.
Азаматтық-құқықтық келісімшарт арқылы еңбек ететіндер
Бұл санатқа жататын азаматтар МӘМС жүйесіндегі статусын өздері бақылап отыруы тиіс. Себебі салық агенті олардан қызмет көрсетілген айлар үшін ғана жарна ұстайды.
Мысал: Әлібек 2021 жылдың ақпаны мен шілдесі аралығында АҚК бойынша еңбек етті. Осы уақытта салық агенті оның жалақысынан 2% ұстап, Қорға аударып отырды. Жұмыс тоқтағаннан кейін Әлібек жарнаны өз бетінше төлеуші ретінде аударуы тиіс.
Жеке кәсіпкерлер
Көптеген жеке кәсіпкерлер егер ЖК нысаны табыс таппаса МӘМС жарнасын аударудың қажеті жоқ деп есептейді. Бұл – қатер пікір.
Жеке кәсіпкер белгілі бір айларда табыс таппаған болса міндетті зейнет жарнасы мен әлеуметтік төлемдерден босатылады. Бірақ МӘМС жарнасы міндетті түрде төленуі тиіс (1,4 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5% - 2975 теңге). Егер жеке кәсіпкерлік нысаны ешқандай табыс таппайтын болса ЖК жұмысын ресми түрде тоқтату қажет, сонда кәсіпкер жарна төлеу міндетінен босатылады.
БЖТ төлеушілер
Қазақстанда 2019 жылдан бастап Бірыңғай жиынтық төлем енгізілген болатын. Ол:
- Жеке табыс салығы;
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын әлеуметтік төлем;
- БЖЗҚ зейнетақы төлемдері;
- Міндетті медициналық сақтандыру төлемдерінен тұрады.
Бірыңғай жиынтық төлем Салық кодексі арқылы реттеледі. Кодекске сәйкес, БЖТ әр айдың басында төленуі тиіс және төлем сол айдың соңына дейін ғана жарамды.
Мысал: Аружан бір жылдан бері БЖТ төлейді. Қазан айында емханаға хабарласып еді, сақтандырылмаған болып шықты. Себебі ол соңғы рет БЖТ-ны қыркүйек айына төледі. Сақтандыру жүйесіне қайта қосылу үшін қазан айының ақысын төлеу қажет.
Филиал өкілдерінің айтуынша, оңтүстік астанада сақтандырылмағандар арасында бірде-бір рет сақтандыру жарнасын төлемеген азаматтар бар бар. Сақтандыру пакетіндегі қызметтерді, соның ішінде бағасы қымбат диагностикалық қызмет түрлерін пайдалану үшін олар қазірден бастап өзін-өзі сақтандыра бастағаны жөн. Мұндай тұрғындар жүйеге екі түрлі жолмен қосыла алады:
- Егер пациент шұғыл түрде МӘМС пакетіндегі қызметті қажет ететін болса, өз бетінше төлеуші ретінде өткен 12 айдың әр айына 2125 теңгеден төлейді.
- Асығыс болмаса 2917 теңге көлемінде Бірыңғай жиынтық төлем төлесе болады. Жиынтық төлемді өткен айларға төлеуге болмайды, сондықтан ағымдағы айдан бастап 3 айға төлесе, үшінші айда «сақтандырылған» статусына ие болады.