Алматы әкімдігінің аппараттық кеңесінде қаланың Әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева аз қамтылған отбасыларды, күш құрылымдарын және ҮЕҰ-ны қолдау туралы айтып берді.
«Алматы қаласында қалыптасқан жағдайға байланысты 2022 жылдың 9 қаңтарынан бастап «Жақсылық бастауы» қайырымдылық қорымен бірлесіп құқық қорғау органдары мен Ұлттық ұланның 1455 қызметкерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша қайырымдылық акциясы өткізілуде. Ал «April Group» ЖШС-мен бірге 200 аз қамтылған отбасыға азық-түлік жиынтығы берілді», - деді қалалық Әл-ауқат басқармасының басшысы.
Оның айтуынша, мәслихат депутаттары мен жанашыр азаматтардың қаржылай қолдауымен 572 әлеуметтік осал отбасы мен бес үкіметтік емес ұйым – Қазақ зағиптар қоғамы, «Ана үйі» ҚҚ, «Реванш» ҚҚ, «Жанұя» дағдарыс орталығы, «Тин челлендж» есірткіге тәуелділікті оңалту жөніндегі медициналық орталық үшін 8 тоннаға жуық азық-түлік сатып алынды.