«Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында Бостандық ауданының комьюнити орталығында «Печа-Куча» форматында белсенді жастардың кездесуі өтіп, маңызды экологиялық мәселелер талқыланды.
Кездесуде жастар экологияны жақсартуға бағытталған жобасын ұсынды, сондай-ақ идеясы мен пікірін бөлісті. Іс-шараға қаламыздың 11 ЖОО студенттері қатысып, 11 экожобаны ұсынды. Олардың арасында қатты қалдықтарды қайта өңдеуге, тамақ қалдықтарын биотыңайтқышқа айналдыруға, қайта өңделген пластик қалдықтарынан тұрмыстық заттарды өндіруге, көшет отырғызу мен жануарларды қорғауға қатысты жобалар болды.
«Печа-Куча»-да біз авторлық шамдарды жасауды қамтитын «ReCyGlass» жобасын таныстырдық. Шыны бөтелкелерді қайта өңдеп, оларды бірегей дизайны бар шамдарға айналдырамыз. Жоба қоршаған ортаға теріс әсерді азайтумен қатар, ластану мәселесіне және тұрақты тұтыну тәжірибесіне көшу қажеттілігіне назар аударады. Сондай-ақ, ұйымдастырушыларға осындай жаңа форматтағы іс-шаралар өткізгені үшін алғысымызды білдіргіміз келеді, ол жерде біз идеяларды бөлісе аламыз», - деді Нархоз университеті экология факультетінің 4 курс студенті Сая Күншашева.
Іс-шара жастар арасында экологиялық сананы арттыруға және экологиялық бастамаларды дамытуға бағытталған.
Айта кету керек, бұл іс-шара Алматының Медеу және Алатау аудандарының комьюнити орталықтарында да өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуірде «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны басталды. Әрбір тұрғын қаланы дамыту мен көркейтуге үлес қоса алады.
Толық ақпарат almaty.kz сайты мен Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жарияланады. Сондай-ақ, қаладағы баннер, плакат және афишалардағы арнайы QR-код арқылы веб-сайтқа кіруге болады.