"Алматы - біздің ортақ үйіміз" кампаниясы аясында Бутаковкаға қаланың экология және қоршаған орта басқармасының "Медеу" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі қызметкерлерінің қолдауымен 500 жеміс ағашы - өрік отырғызылды.
Мекеме директорының орынбасары Ұзақ Мықитановтың айтуынша, бұл аталған учаскеде жасыл желектер алғашқы рет отырғызылып отырған жоқ. Өткен жылы Сиверс алма ағаштарының мың көшеті отырғызылды.
"Биылғы жылы таңдау өрік көшеттеріне түсті, өйткені олар таулы аймақтағы климаттық жағдайларға жақсы бейімделген. Өрік көшеттерін отырғызу алдында тамырлар кеуіп қалмас үшін арнайы болтушкаларда (жер мен су) ұстадық", - деп бөлісті ол.
"Медеу" табиғи паркі қызметкерлерінен басқа, ағаш отырғызуға облыстық және қалалық Экология басқармаларының, Медеу ауданы әкімдігі мен прокуратурасының қызметкерлері, сондай-ақ экоактивистер мен еріктілер қатысты.
"Кеше біз ардагерлері және зейнеткерлерімен бірге сенбілік өткіздік. Біз осы акцияларды жалғастырып, барлығын қаланы абаттандыру мен көгалдандыруды қадағалауға шақырамыз", - деді студенттік экопатрульдің басшысы Әділ Нұрпейісов.
Еске салсақ, "Алматы – біздің ортақ үйіміз" науқаны 8 сәуірде басталды. Әрбір тұрғын мегаполисті дамытуға және көгалдандыруға өз үлесін қоса алады.
Барлық ақпарат аlmaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналастырылған. Сондай-ақ, веб-сайтқа қала бойынша орналастырылған баннерлерге, постерлер мен афишаларға арнайы QR-код арқылы кіруге болады.