Қазақстанда әлеуметпен, мемлекеттік, коммерциялық, білім беру және әкімшілік ұйымдармен, соның ішінде медицина мекемелерімен қарым-қатынаста күнделікті түрлі қиындыққа тап болатын инклюзивті адамдарға, соның ішінде есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған бағдарламалар бұрыннан бар.

Мемлекет тарапынан қолдау жасалатынына қарамастан, ым-ишара тілі аудармасы қызметінің саны мен сапасы әлі де төмен, бұл жағдай саңырау және нашар еститін адамдардың қоғамдық өмірге толыққанды қатысуын және олардың әлеуетін дамытуды шектеп отыр. Сондықтан «AUEN» ым-ишара тілі мектебі Алматы қаласындағы №9 емхананың медицина қызметкерлерін оқытуға бастама көтерді. Емхана инклюзивті пациенттерге қызмет көрсету үшін тиісті түрде жабдықталған және бейімделген. Ым-ишара тілі мектебі тиісті оқу орындарына да осындай оқуды ұйымдастырады, айталық, «Аяжан» жоғары медициналық колледжі мен Республикалық жоғары медициналық колледжінде осындай курс өткізіледі, бұл олардың медициналық және кәсіби деңгейін арттырады.

«AUEN» қосымша білім беру мектебінің ұжымы USAID агенттігінің Кәсіпкерлікті және бизнес ортаны дамыту жөніндегі жобасының (USAID’s Future Growth Initiative) қолдауымен іске асырып отырған ICA (Инклюзиті Орталық Азия) әлеуметтік жобасы 2024 жылдың ақпанында басталып, бүгінгі күнге дейін оның шеңберінде 150-ден астам адам ым-ишара тілін үйренді.

«Инклюзивті қоғам мен инклюзивті ортаны құру әлеуметтік сала мен денсаулық сақтау саласын дамытудың маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Бұл жобаға қатысу мамандарымыздың біліктілігін арттыруға, байланыс орнатуға және бізде ерекше қажеттілігі бар адамдарға көрсетілетін медициналық көмектің деңгейін жақсартуға мүмкіндік берді. Біздің қызметкерлер ым-ишара тілін үлкен қызығушылықпен және қуана отырып үйренгенін және алған білімдері мен дағдыларын күнделікті тәжірибесінде қолдана бастағанын атап өткім келеді. Бұл біздің халыққа медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру жолындағы өте маңызды және сәтті қадам деп есептеймін. Осыған байланысты «Inclusive Central Asia» жобасына және оның жетекшісі Әсем Калманға бұл жобаға қатысуға шақырғаны, осындай мүмкіндік бергені және біздің емханамыздың негізінде сәтті іске асырғаны үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін»,- дейді Алматы қаласы ҚДБ «9-шы қалалық емханасы» ШЖҚ КМК директоры Мұсабаева Әсем Мұратқызы.

09082024 1

«AUEN» ым-ишара тілі мектебін құру туралы идея кездейсоқ пайда болған жоқ, бұл жоба ұзақ уақыт мұқият ойластырылды. Мектептің негізін қалаушы және ұйымдастырушы Әсем Қалман бұл ойдың қалай келгені және оны қалай іске асырғаны туралы былай деп әңгімелейді: “Саналы өмірімде мен әрқашан қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруға және оларға қатысуға тырысып жүрдім. Мамандығым музыкант болғандықтан, мен үшін инклюзивті тыңдармандар үшін де, ХӘОТ (Халықтың әлеуметтік осал топтарының) барлық өкілдері үшін де жанға жағымды іс-шара ұйымдастыру қиынға соқпайтын. Өзімнің концерттеріме де, әріптестерімнің, достарымның іс-шараларына да әрдайым мүгедектігі бар жандарды тегін шақырып, оларға көңіл бөлуге тырыстым. Осы жолда мен жұмыс істемеген жалғыз санат – есту қабілеті нашар және саңырау адамдар. Өткен жылы бұл санаттағы адамдар қалай өмір сүреді, бір-бірімен және өзгелермен қалай қарым-қатынас жасайды, олардың бос уақытын өткізу мүмкіндігі қандай және қарым-қатынас шеңбері қаншалықты кең деп қатты ойландым. Құлағы естімейтін адамдардың туыстарымен әңгімелескеннен кейін, олардың қарым-қатынас шеңбері өте тар екенін түсіндім – олар туыстарымен, бірен-саран ғана ым-ишара тілінің аудармашысымен және өз қауымымен ғана араласады екен. Сөйтіп олардың қарым-қатынас жасауына инклюзивті жағдай жасауға өз үлесімді қоссам – әлеуметіміздің әртүрлі санаттарына арнап тегін ым-ишара тілі курсын ашсам деген ой келді. Соның аясында медицина қызметкерлеріне, №9 қалалық емхананың қазіргі қызметкерлеріне және болашақ мамандарына – медицина колледждерінің студенттеріне ерекше көңіл бөлдім. Бұл біздің әлеуметімізді неғұрлым ашық ету, яғни әлдеқайда көп адам ым-ишара тілін үйреніп, құлағы естімейтін адамдармен сөйлесе алуы үшін қолға алынған жай ғана азаматтық бастама еді. Орталық Азия аумағында бірыңғай ым-ишара тілі бар, бұл оқыту бағдарламасын бүкіл аймақта пайдалануға мүмкіндік береді. Емхана қызметкерлері құлағы естімейтін және нашар еститін пациенттерді күн сайын көреді, сондықтан олармен қарым-қатынас жасау мәселесін жақсы біледі. Есту жағынан мүгедектігі бар адамдардың дәрігерге барған кезде көмекке өте мұқтаж болатынын мойындау керек. Осындай игі әлеуметтік бастаманы қолдап, оны іске асыруға мүмкіндік бергені үшін «Inclusive Central Asia» жобамыздың атынан USAID ұйымына алғыс айтамын. Біздің ортақ іске бірлесіп күш-жігер салуымыз саңырау және нашар еститін адамдардың ақпарат пен қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, олардың қоғамға толыққанды қатысуына және біте қайнасып кетуіне ықпал ететініне сенімдімін.”

«AUEN» қосымша білім беру мектебі USAID агенттігінің Кәсіпкерлікті және бизнес ортаны дамыту жөніндегі жобасының қолдауымен әзірлеген бағдарлама Орталық Азияның әртүрлі елдеріндегі есту қабілеті бұзылған адамдарға білім, тәжірибе алмасуға және бір-біріне қолдау көрсетуге мүмкіндік жасайды, осылайша олардың толыққанды дамуына және қабілетін іске асыруына ықпал етеді.