Еліміздің мәдени ордасы – Алматы қаласының күніне орай Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры көне классика әлемі мен озық сахна тоғысқан «Мұра» атты гала концертін паш етеді. Өнер ордасы 91-ші жаңа маусымының ашылуына орай дәстүрге айналған шараға қала тұрғындарына ұмытылмас жарықтан шоу дайындады. 15 қыркүйекте 19:00-де кездесетін жер – театр алаңы.

Гала концертте қала тұрғындарын жарқыраған Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Жәмиля Баспақова мен Гүлзат Дауырбаева, «Құрмет» орденінің иегері Зарина Алтынбаева, халықаралық конкурстардың жеңімпаздары Нұржан Бажекенов, Фархад Кубиев пен Венера Алпыспаева және театрдың басқа да опера және балет жұлдыздары асқан шеберлігімен қуантады.

Гала-концерт дирижері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбосынов.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының алаңы бұрын-соңды болмаған алып сахнаға айналады. Концерт бағдарламасының әр нөмірі ең үздік опера және балет қойылымдарының көрінісімен көркемделеді. Қозғалмалы сахнада көрерменнің сүйікті әні мен биінен шашу шашылады. Жан тебірентер гала-концерт асқақ өнердің алтын мұрасын осылайша қала күніне тарту етпекші.

- Абай театры елімізде теңдесі жоқ өнер ошағы. Қазақ классика әлемінің іргетасын қалаған қара шаңырақтың басты мақсаты – 90 жылдан асқан тарихы бар киелі сахна майталмандарының шеберлігін өскелең ұрпаққа насихаттап, жылдар бойы қалыптасқан әдемі дәстүрді бүгінгі заманның ағымына сай әрлендіріп, сүйікті көрерменімізбен байланысты жалғастыру, театрдың бай тарихын одан ары тереңдете түсу, - деп атап өтті Абай атындағы ҚазҰОБТ директоры Айнұр Көпбасарова.

Осылайша Абай атындағы театр 91-ші маусымына әуенді де әуезді көз тоймас тосынсыймен аяқ басады. Жарықтан шоу жасауға танымал жарық қоюшы суретші,  беделді «Золотая маска» театр сыйлығының иегері, көптеген халықаралық жобаларға қатысушы Татьяна Мишина шақырылды. Өнер ордасының шығармашылық ұжымы барша Алматы тұрғыны мен қонағын өз алаңында асыға күтеді.  


Мекен-жайы: «Аба» ат. ҚҰОБТ, Алматы қ., Қабанбай батыр көш., 110. Театр алаңы.