Отбасы – бұл тек туыстық қатынас емес, бұл – адам болмысының, рухының және адамгершілігінің бастау көзі саналатын киелі ұя. Сондықтан да баланың бойына отбасына деген құрметті, ұлттық салт-дәстүр мен ізгі тәрбиені жастайынан сіңіру – қоғамның ең басты парызы.

15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубының Әуезов ауданындағы №1, №2, №3 және Жетісу ауданындағы бөлімшелерінде жүрекке жылу сыйлаған, рухани мазмұнға бай бірқатар тәрбиелік шаралар өтті. Бұл кездесулер – шынайы сырласу, ұрпақтар арасындағы алтын көпір, адам жанына терең әсер ететін тағылымды сәттер болды.

Әуезов ауданының №1 бөлімшесінде Сарыарқа саябағында «Папа, мама и я – спортивная семья!» атты жарқын спорттық сайыс ұйымдастырылды. «Қыран», «Сұңқар», «Бүркіт», «Жалын» сынды мағыналы атауы бар төрт команда «Жыланша жүгіру», «Қаппен секіру», «Кенгуру», «Асық ату», «Төбелесетін әтештер» сияқты қызықты жарыстарда бақ сынасты. Бұл сайыс отбасылық бірліктің, серіктестіктің, қуаныш пен сенімнің шынайы мерекесіне айналды.

№2 бөлімшеде өткен «Отбасы» тақырыбындағы тәрбие сағаты тәрбиеленушілердің жүрек түкпіріндегі ең аяулы естеліктері мен толғаныстарын жарыққа шығарды. Олар ата-ана махаббаты, қолдау мен сенім жайлы ойларымен бөлісіп, ұрпақтар арасындағы көзге көрінбес байланысты сезініп, оны қадірлеуді үйренді.

15052025 2

№3 бөлімше бұл күнді түрлі бағытта мазмұнды өткізе білді. «Отбасы – шағын мемлекет» атты ашық сабақта тәрбиеленушілер жанұядағы жарасым, сыйластық пен дәстүрдің рөлі туралы ой қозғады. «Family Day» атты ағылшын тілі сабағында олар ән айтып, кроссворд шешіп, отбасылары туралы әсерлі естеліктермен бөлісті. Ал IT сабағында тәрбиеленушілер отбасына арнап ерекше шығармашылық презентациялар дайындады. Бұл – технология тілімен өрілген отбасылық сағыныш пен сүйіспеншіліктің көрінісі болды.

Жетісу ауданындағы бөлімшеде «Менің отбасым – байлығым» атты тәрбиелік кездесу өтті. Ұстаз-тәлімгерлер мен тәрбиеленушілер отбасының адам өміріндегі орны, оның жылулық, қауіпсіздік, сүйеніш пен үміт мекені екеніне тоқталды. Тәрбиеленушілер жүректен шыққан өлеңдерін оқып, «Отбасым – аманатым» атты әнді орындап, көрерменге терең әсер қалдырды.

Бұл шаралардың барлығы балалардың жүрегінде ізгілік пен сүйіспеншілікті тереңдетіп, үлкендер тарапынан мақтаныш пен сенімге ұласты. Бұл – баланың жанына отбасы ұғымын терең сіңіретін өмірлік сабақ болды.

«Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы – бұл тәрбиеленушілердің жан-дүниесіне шуақ шашатын, олардың армандарын алға жетелейтін аялы мекен. Клубта тек білім ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар, адамгершілік, мейірім мен сенім қатар беріліп, әр тәрбиеленуші өз жүрегіне жақын тәлімгерін, рухани досын және болашағына жол сілтейтін жарық жұлдызын табады.

Тамыры терең, қанаты кең болсын. Себебі әрбір ізгі бастаманың негізі – отбасыдан басталады.