Орталық қалалық клиникалық ауруханада тұңғыш рет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде пациент жүрегіне кардиостимулятор орнатты.

Бұл туралы аурухананың баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламаға сүйенсек, тексеру барысында науқастың жүрек-қан тамыры жүйесінен ақау табылып, атриовентрикулярлы (АВ) блокада анықталған. Бөлім меңгерушісі, интервенциондық кардиолог Ержан Құттығожиннің айтуынша, аталмыш патология көбіне қарт кісілерде жиі кездеседі. Пациент өмірін сақтап қалу үшін шұғыл ота жасап, қан айналымын реттеу қажет болды.

«Жүрекке 2 камералы электрокардиостимулятор имплант орнатылды. Операция кезінде электродтар орнатылып электрокардиостимуляторға қостық. Ота сәтті өтті»- деді аритмолог-дәрігер Ғани Төлепбергенов.

Қазір науқастың жайы бір қалыпты.

Аталмыш операция ОҚКА жағдайында алғаш рет, осыдан бір ай бұрын ашылған Интервенциялық кардиология бөлімшесінде жасалды.