72 жастағы пациент үнемі бауырының тұсы шаншып ауыратынын айтып шағымданған. №1 Қалалық клиникалық аурухана хирургтері лапароскопиялық қондырғылардың көмегімен ота жасап, қабынған өт қабын алып тастады. Жоспарлы операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жасалды, деп хабарлайды аурухананың баспасөз қызметі.
Пациенттің өт қабынан 100-ден астам ұсақ тас табылған. Бір қарағанда өт қабы кесілген анарға ұқсайды, мұндай жағдайды бұрын-соңды көрген емеспіз, дейді дәрігерлер. Операция сәтті өтті, пациент отадан кейін алтыншы күні ауруханадан шықты.
Бұрын мұндай оталар дәстүрлі әдіспен жасалатын болса, қазір хирургтер шағын инвазивті тәсіл – лапароскопиялық операцияға басымдық береді. Себебі ол науқастың тез арада айығып, хирургиялық манипуляция салдарынан ішектердің жабысу қаупін төмендетеді.
№1 аурухананың көп бейінді хирургиялық бөлімі меңгерушісі Марат Менаяқовтың айтуынша, көбіне пациенттер өт қабын сақтап қалуға бола ма, жоқ па деген сұрақ қойып жатады.
«Өкінішке орай, тасты алып тастап өт қабының өзін қалдыруға болмайды. Өйткені қабынып тұрған өт қабы кейін де тас пайда болуына әсер етеді. Мен оны тұрып-тұрып, байқаусызда жарылатын бомбаға теңер едім. Себебі ұсақ тастар көшіп, өт жолдарына тас байлану және механикалық сарыауру, өттің қабынуы сынды дерттерге әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сол себепті тас байланған жағдайда өтті алып тастаған дұрыс. Және отаны шұғыл жағдайға жеткізбей, жоспарлы түрде, пациентті дайындап, денсаулығын әбден тексеріп барып жасаған жөн», - деді М.Менаяқов.