Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы қаласындағы жолдар мен инженерлік желілер салынатын шағын аудандардың тізімі белгілі болды.
Алматы қаласы әкімдігінің қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжаханның айтуынша, қазіргі таңда Алғабас, Әлмерек, Қайрат шағын аудандарында жұмыстар жалғасып жатыр және Ақжар шағын ауданында жол құрылысы басталды, онда 48 шақырымға жуық жаңа жол салу жоспарлануда.
Ол Қайрат және Әлмерек шағын аудандарында жұмыстардың Энергетика және сумен жабдықтау басқармасымен келісе отырып, инженерлік желілердің құрылысының аяқталуына қарай жүргізіліп жатқанын айтты.
«Алғабас шағын ауданында 2021 жылы 11 шақырым жол салынса, биылғы жылдың соңына дейін тағы 9 шақырым жол салу жоспарлануда», - деді спикер.
Ақжар шағын ауданында жұмыстар биылғы жылдың сәуір айында басталған. 10 шақырымға жуық жаңа жол салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 17 көшеге 3 шақырым жол салынды. Толық аяқтау 2023 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Бұдан бөлек, Шұғыла шағын ауданында 6,9 шақырым жаңа жолдың құрылысын басталмақ.
Сөзін қорытындылаған Е. Абжахан 2022 жылы жол жабынын орташа жөндеу аясында ұзындығы 219 шақырымды құрайтын 225 көшенің жол жабынын жөндеу жоспарланғанын айтты. Оның ішінде 21-і магистральді көше, ұзындығы 66,3 км. Бүгінгі таңда ұзындығы 50 шақырым болатын 84 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Ұзындығы 85 шақырым болатын 59 көшеде жұмыс кестеге сай жүргізілуде.