Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға араласуына қалай көмектесетінін айтып берді.
«Қаламызда мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтендіру және олардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында «TenQogam» мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау орталығы» жобасы жүзеге асырылуда. Орталық мамандары жұмысқа орналасудың бастапқы кезеңінде өз қамқорлығындағы адамдарды ертіп жүреді», - дейді Д.Әлкебайұлы.
Сонымен қатар, Алматыда мүгедектігі бар адамдардың мәселелерін әлеуметтендіруге және шешуге көмектесетін заңгерлер, психологтар, кеңесші мамандар жұмыс істейді. Олардың жеке тұлға ретінде өсуі, жұмысқа орналасуы, кәсіпкерлік бойынша курстар мен шеберлік сыныптарында онлайн-оқытудан өтуі кезінде мамандардың көмегі аса қажет. Жарты жыл ішінде 424 мүгедектігі бар адам осы қызметтерді алды.
«Мүмкіндігі шектеулі адамдарға өз бойындағы қорқыныш пен сенімсіздікті жеңуге, өзін-өзі бағалауға көмектесетін «Тәуелсіз өмір мектебі» жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Жоба аясында «Ақ бастау» пансионатында тұрып және барып оқытатын апталық курстар өткізіліп тұрады. Жыл соңына дейін 128 адам курста білім алады деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда «мектептен» 112 адам өтті», - деп мәлімдеді спикер.
Мүгедектігі бар адамдарға, мүгедек балаларға, зейнеткерлерге және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге ведомствоға тиесілі 10 медициналық-әлеуметтік мекеме жауап береді. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 17 үкіметтік емес ұйым қызмет көрсетеді.
Жарты жыл ішінде бұл қызмет 7 040 адамға көрсетілді.