Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 17 тамызда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде педагогикалық қызметкерлердің республикалық тамыз конференциясының пленарлық секциялық отырысы өтетіні хабарланды.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Айкерім Күдеринова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, биылғы тамыз конференциясының тақырыбы «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу» болады.
«Конференцияның негізгі мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың арнайы және инклюзивті білім алуының өзекті мәселелерін талқылау, тәжірибе алмасу, арнайы білім беру үшін педагог кадрлар даярлау, білім беру қызметтерінің сапасын қорытындылау мәселелері. Сонымен қатар, бұл педагогикалық қоғаммен диалог болады. Іс-шараға жаңашыл педагогтар, білім беру ұйымдарының үздік басшылары, сарапшылар мен ата-аналар қоғамының өкілдері қатысады. Спикерлер дөңгелек үстелдер, шеберлік сыныптары мен презентациялар өткізеді», - деді А.Кудеринова.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 457 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейтінін атап өту керек. Оның ішінде облыстар мен қалалар бойынша арнайы мектепке дейінгі ұйымдар – 45, арнайы мектеп ұйымдар – 99, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері – 213, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестер – 87, оңалту орталықтары – 13. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларда, жалпы білім беретін ұйымдар жанындағы арнайы топтар мен сыныптарда да жүзеге асырылады.