5-қыркүйектен бастап бір жылға сақтандыру мүмкіндігі пайда болғаны болатын. Сақтандыру статусын берудің жаңа механизмі МӘМС жүйесіндегі көпшілік күткен және тиімді өзгерістердің біріне айналды.
Бүгінгі күнге дейін 2,6 мыңнан астам азамат жаңа тетікті пайдаланып үлгерді, деп хабарлайды МСҚ Алматы филиалының баспасөз қызметі.
Хабарламаға сүйенсек, 2022 жылдың қыркүйегінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды сақтандыру тәртібі өзгерді. Бұдан былай аталған санаттағы тұрғындар алдағы 12 айға жарна төлеп сақтандыру жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Мәселен, пациент МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалану үшін өткен жылдың берешегін өтемей, 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін жарна аудара алады. Статус 3 күннен кейін беріледі, себебі екінші деңгейлі банктер төлемдерді 3 күн өңдейді.
Бұрынғы тәртіп бойынша сақтандыру статусына ие болу үшін өткен 12 адың қарызын өтеу қажет болатын. Жаңа механизм 5-қыркүйектен бастап толыққанды іске қосылды. Сарапшылар болжамынша, бұл әдіс сақтандырылмаған азаматтардың шамамен 30 процентін сақтандырумен қамтуға мүмкіндік бермек.
Қазан айының алғашқы жартысында еліміз бойынша жаңа механизмді 2600-ден астам азамат пайдаланған. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана қалалары және Алматы, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облысының тұрғындары.
«Жалпы, сақтандыру жүйесі көпшілік үшін тиімділігін дәлелдеп отыр. Өйткені, сақтандырылған адам медициналық қызметті керегінше пайдалана алады. Мәселен, өз бетінше сақтандырылатын азаматтар бір жылда 36 мың теңге төлейді. Бірақ көрсетілетін қызмет саны мен көлемі бұл қаражатпен шектелмейді», - дейді МСҚ Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.
Бір жылға сақтандыру статусын алу үшін не істеу керек?
Өзін-өзі сақтандыратын азаматтардың ай сайынғы жарнасы биылдан бастап 3000 теңгені құрайды. Бұл – ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5 проценті. Мысалы, осы айда сақтандыру статусын алу үшін қазан айынан бастап келер жылдың қазанына дейінгі аралық үшін жарна төленуі тиіс. Әр айдың жарнасы жеке-жеке төленеді. Тағы бір ескеретін жайт, 12 айдың жарнасын бір төлеммен аударуға болмайды. Себебі жүйе әр айды бөлек есептейді.
Жарнаны кез-келген екінші деңгейдегі банк, банктердің мобильді қосымшалары, төлем терминалдары мен «Қазпошта» АҚ филиалдары арқылы төлеуге болады.
Мәртебе қашан пайда болады?
Егер МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтерді осы айдан бастап пайдалану үшін жарна ағымдағы айдан бастап 12 айға төленеді. Себебі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның 30-бабы, 7-тармағына сәйкес, жүйенге қосылып, сақтандыру мәртебесін алу үшін алдыңғы немесе соңғы 12 ай үшін жарна төленген болуы шарт.
Мысал: сіз қазан айында жарналарды 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін төлейсіз. Сақтандыру мәртебесі қазан айында беріледі және сіз алдағы бір жылға статус аласыз. Сонымен қатар, кейін жарна төленбей қалған жағдайда сақтандырылған азаматтардың статусы соңғы төлемнен кейін тағы 3 ай бойы сақталады. Бірақ бұл берешекті өтеу міндетінен босатпайды. Жарна төленбеген жағдайда төртінші айдан бастап азамат сақтандыру статусын жоғалтады.
Егер медициналық көмекке алдағы айдан бастап жүгінбек болсаңыз, жарнаны алдағы айдан бастап төлей аласыз. Төлемдер үш күн өңделеді.
МӘМС қандай мүмкіндіктер береді?
Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакетіне кіретін медициналық көмектің барлық түрлерін пайдалана алады. Оған салалық дәрігерлердің консультациясы, түрлі анализдер мен диагностикалық тексерулер (рентген, УЗИ, КТ, МРТ және т.б.), ауруханаға жатып жоспарлы ем алу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық көмек, скринингтер кіреді.
Статусты қалай тексереміз?
Төлемдерге қатысты барлық мәліметті Қордың fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе Telegram арнасындағы SaqtandyrýBot арқылы алуға болады.