Алматыда 6 көпсалалы қалалық емханада травматологиялық пункттер бар. Олардың әрқайсысында дәрігерлер тек сынық жарақатын алған кезде ғана емес, үсік шалу, көше және спорт жарақаты болса, жол-көлік оқиғасы салдарынан болған жарақаттар кезінде көмек көрсетуге дайын. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс травматологы Қанат Тезекбаев ӨКҚ-де өткен брифингте маусымаралық кезеңде және қыс мезгілінде жарақаттанудан қалай сақтану керектігі туралы айтты.

Травмотологиялық пункттер No4 қалалық клиникалық аурухана, No7 қалалық клиникалық аурухана, Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы, Орталық клиникалық аурухана, Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығында орналасқан. Олар медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тәулік бойы көмек көрсетеді.

Қанат Тезекбаев атап өткендей, күн суытқалы бері көмек сұрап, шағым айтып келгендер қатарының көбеюі немесе азаюы байқалмайды. Ол жақында болған мысалдардың бірін келтірді, тұрақты тұрғылықты жері жоқ ер адамның екі аяғын ІІ дәрежелі үсік шалып, No4 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оған білікті көмек көрсетті, соның арқасында аяқ-қолдарын аман сақтау мүмкін болды, ампутация қажет болмады.

Алматылық травматологтар жыл басынан бері барлығы 17 183 науқасты емдеген. Көбінесе медициналық көмекке жүгінгендер - көшеде алған жарақаттарына байланысты көмек сұрап келген тұрғындар емделді. Бұл ретте тұрмыстық және жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітімнің тиісінше 0,83% және 1,4%-ға төмендеуінің оң динамикасы байқалады.

Дәрігер қыс мезгіліндегі ойын-сауық пен көңіл көтеру кезінде болып жататын қауіпсіздік туралы еске салды, өйткені олар көбінесе жарақат алумен аяқталып жатады.

«Тауда шаңғы маусымының ашылуымен және көктайғақтардың басталуымен біз спорт және көше жарақаттарының көбейетінін білеміз. Көбінесе науқастар тобық буынының жарақаттары, созылуы, жыртылуы, білезік буынының сынуы шағымдарымен жиі келеді. Қыста болатын тағы бір қауіп – үсік шалу», - дейді дәрігер.

Қысқы спортпен шұғылданғалы жүрген азаматтардың өз мүмкіндіктерін өлшеп, жылдамдықты ескеруі өте маңызды.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс травматологы Қанат Тезекбаев мегаполис тұрғындарына қыста, әсіресе көктайғақ кезінде: маусымға сай ыңғайлы аяқ киім киюге, қала қызметі өңдеген құм себілген жаяу жүргіншілер жолымен жүруге кеңес береді.

 «Ашық далада серуендеуді ұнататындар үшін шаңғы трассалары мен мұз айдындарында нұсқаушылардың ережелерін сақтауды, сондай-ақ таудан түсу кезінде өз мүмкіндіктеріңізді өлшеуді сұраймыз. Жарақат алған жағдайда дер кезінде медициналық мекемелерге жүгініңіздер», - деп түйіндеді дәрігер.

Hi-Tech