Қазақстандағы ресейлік кино фестивалі мәдени саладағы елеулі оқиғаға айналып, кинематографияның елдер арасындағы диалогтың ең әсерлі құралдарының бірі болып қала беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Фестиваль күндері көрермендер жаңа ресейлік фильмдермен танысып, актерлармен жүздесіп, заманауи кино, шығармашылық, жады және ортақ мәдени құндылықтар жайындағы әсерлі ашық әңгіменің куәсі бола алды. Фестиваль Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті. Көрсетілім алаңы ретінде кең ауқымды кинобағдарлама мен киноиндустрия өкілдерімен кездесулер өткізуге мүмкіндік берген Kinopark желісі ұсынылды.
Фестивальдің ерекше атмосферасын көрермендердің ыстық ықыласы айқындап берді. Көрсетілімдер адамға лық толы залдарда өтті, ал сеанстардан кейін қонақтар өз әсерлерімен бөлісіп, сұрақтар қойып, фильм қатысушыларымен бірге көргендерін талқылады. Осындай шынайы қызығушылық ресейлік киноның Қазақстанда әлі де өз көрерменін табатынын және үлкен ықылас тудыратынын көрсетті.
«Біз қазақстандық әріптестерімізге бізді жылы қарсы алып, фестивальді осы жолы да Астанада өткізуге мүмкіндік бергені үшін алғысымызды білдіреміз. Біз үшін басты нәтиже — көрерменмен өткен ашық, бетпе-бет сұхбат болды. Бұл ресейлік және қазақстандық киноның ынтымақтастығын дамытуда және жаңа шығармашылық жетістіктерге жетуде зор мүмкіндік бар екенін дәлелдеді», – деп пікір білдірді РОСКИНО-ның бас директоры Эльза Антонова.

Фестиваль бағдарламасына әртүрлі жанрлар мен бағыттағы фильмдер енді. Олардың қатарында актер Антон Савватимов ұсынған «Первый на Олимпе» атты спорттық драма, сондай-ақ Дарья Кукарских қатысқан «Авиатор» фильмі бар. Көрсетілімдерден кейін көрермендермен кездесулер өтті, онда әңгіме тек түсірілім барысы туралы ғана емес, кейіпкерлердің ішкі әлемі, актерлық шеберлік, суреткердің жауапкершілігі және қазіргі қоғамдағы киноның рөлі жайында өрбіді.
Бағдарламада балалар және анимациялық фильмдер де ерекше орын алды. Олар жас көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, фестивальдің маңызды бөлігіне айналды. Өйткені дәл осындай көрсетілімдер арқылы көрермендік мәдениет қалыптасып, үлкен экранға қызығушылық оянып, киноны ұрпақтарды біріктіретін өнер ретінде қабылдау қабілеті дамиды. Фестивальдің салтанатты ашылуы өзара құрмет пен шығармашылық диалог атмосферасында өтті. РОСКИНО-ның бас директоры Эльза Антонова Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимованың құттықтауын оқып берді. Онда фестивальдің халықаралық мәдени алмасуды дамытуға және екі ел халықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаң екені атап өтілді. Құттықтауда:
«Қазақстандағы ресейлік кино фестивалі — өнер мен кинематография арқылы елдерімізді біріктіретін маңызды оқиға. Бұл шара халықаралық мәдени алмасуды дамытуға және халықтарымыз арасындағы нәтижелі ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға арналған тағы бір маңызды алаңға айналады», – делінген.
Қазақстандағы ресейлік кино фестивалі мәдени байланыстардың тек ресми бастамалар арқылы ғана емес, көрерменмен тікелей қарым-қатынас арқылы да дамитынын көрсетті.

Кино — әртүрлі ұрпақтар, көркемдік дәстүрлер мен заманауи тақырыптар тоғысатын кеңістік. Ал фильмдер туралы әңгіме құндылықтар, жады, таңдау және адам туралы ойға ұласады. Кәсіби қауымдастық үшін мұндай іс-шаралар тәжірибе алмасуға, серіктестікті нығайтуға және бірлескен бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді. Көрермендер үшін бұл — жаңа фильмдерді көру, авторлар мен әртістерді тыңдау және үлкен мәдени үдерістің бір бөлігі екенін сезінудің таптырмас мүмкіндігі.
«Қазақфильм» ұлттық киностудиясының өкілі Айдар Омаров та өз пікірін білдірді:
«Соңғы жылдары біздің киноиндустрияларымызды ықпалдастыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгінде оның нәтижесін айқын көріп отырмыз: елдеріміз бен салалық мекемелер жүйелі ынтымақтастық орнатып, бірлескен фильм өндірісі дамып, тұрақты кәсіби байланыстар қалыптасуда. Жақын арада біз ортақ өндірісті іске қосуды жоспарлап отырмыз — қазіргі таңда ірі тарихи жоба әзірлену үстінде. Бұл Ресеймен ынтымақтастықты нығайтудағы тағы бір маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар, бізде «Мосфильммен» өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылған, оның аясында мамандардың екінші құрамына арналған шеберлік сабақтары мен білім беру бағдарламаларын өткізу жоспарлануда. Бүгінде бұл салада сценаристер жетіспейді, сондықтан дәл осы бағытта екі ел арасында тиімді тәжірибе алмасуды жүзеге асыруға зор мүмкіндік бар деп санаймыз».
Фестиваль аяқталып, көрермендерге жылы әсер, қызу пікірталастар және шынайы кино мерекесінің ерекше сезімін сыйлады. Оның басты нәтижесі — тек көрсетілімдердің өтуі ғана емес, сонымен қатар, экран, көрермен залы және кино жасаушылар арасында қалыптасқан сенім мен қызығушылық атмосферасы деп білеміз.