Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық ауруханада жүректің созылмалы ишемиялық ауруы мен жіті коронарлық синдромға шалдыққан пациенттерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен заманауи инвазивті тәсілмен ота жасалды. Соңғы кезде оперативтік ем саласында жиі қолданылып жүрген тамырішілік ультрадыбыстық зерттеу және фракциондық резерв тәсілдері Қалқаман ауруханасында алғаш рет қолданысқа енгізілді.
Шеберлік класына Астана мен Тараздан келген дәрігерлер қатысты, деп хабарлайды ҚКА баспасөз қызметі.
Хабарламаға сүйенсек, 55 жастағы пациент мұнда жүректің ишемиялық ауруы, тұрақсыз стенокардия диагнозымен түскен. Ауруханаға жеткізілген кезде кеуде мен жүрек тұсының қысылатынын және ашып ауыратынын, содан соң сол қолға берілетінін айтып шағымданған. Сонымен қатар жүрегі айнып, басы айналып, ентігіп қалатын болған.
«Алдымен біз фракциондық резерв әдісін (FFR) пайдалана отырып тамыр ішіндегі қысымды өлшедік. FFR нәтижесі тамырдың болмашы ғана тарылғанын көрсетіп берді. Стенттеуге деген қажеттілік жоқ деген шешім қабылданды. Содан соң ультрадыбыстық зерттеудің көмегімен тамырдың ішін тексердік. Нәтижесінде жүрек қарыншасының алдыңғы бөлігіндегі күретамыр қабырғасында түйіншік бары анықталды. Пациенттің жүрегіне стент орнату қажет болды. Стент қойылғаннан кейін науқас бірден кардиология бөлімшесіне ауыстырылды», - деді Интервенциондық хирургия бөлімшесі меңгерушісі Сәкен Анартаев.
Тамырішілік ультрадыбыстық зерттеу – коронарлық артериялар мен өзге де қан тамырларының жай-күйін тексеру мақсатында жасалатын диагностика түрі. Тамыр ішін зерттеу диагностикалық және терапевтік диагноздарды нақтылау мақсатында жасалады. Арнайы құрылғы тамырдың ішіндегі өзгерістерді байқауға мүмкіндік береді.
Фракциондық резерв көбіне коронарография кезінде немесе операциядан кейін миокард ишемиясы қаупінің алдын алу мақсатында жасалады. Ол орнатылған стенттің қаншалықты дұрыс бекітілгеніне көз жеткізіп, емдеу тактикасын айқындауға мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, бұл процедуралардың бәрі де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалады.