Жаңа жыл мерекесін асыға күтетін балалар. Ауырып, ауруханаға түскен балалар үшін бұл мереке әсіресе маңызды.
Бүгін Алматы Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығындағы 50 бала қала әкімінің атынан жаңа жылдық сыйлықтар алды. Кішкентай емделушілерді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков құттықтады.
Ем алып жатқан балалар үшін қонақтардың келуі тосын сый болды. Балаларға сыйлықтар таратылып, тілектер айтылды. Емделушілердің көңіл-күйі әп-сәтте көтеріле түсті. Ал жақсы көңіл-күй денсаулық кепілі екені сөзсіз.
«Үйге жақындарыңызға оралу үшін тезірек сауығып кетуді тілеймін. Сендерге зор денсаулық, қызықты жаңа жылдық демалыс пен шынайы қуанышты сәттер тілеймін», - деп Иран Шәметеков Жаңа жылды ауруханада қарсы алуы мүмкін балаларды қолдады және медицина қызметкерлеріне атқарып жатқан жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы мерекелерімен құттықтады.
«Балаларды Жаңа жылмен құттықтау және олар үшін мереке ұйымдастыру – біздің жыл сайынғы дәстүріміз. Соңғы 2 жыл пандемияның кесірінен мерекелеуден бас тартуға тура келді. Ал биыл балаларға жаңа жылдық мереке сыйладық. Ауруханада 160-қа жуық бала емделіп жатыр, осы жолы оларға Жаңа жыл мерекесін өткізіп жіберуге ештеңе себеп болмайды деп шештік. Балалар жедел жәрдем орталығында 13 клиникалық бөлімше бар. Әр бөлімшеде балалар үшін ерекше шоу-бағдарламасы бар ертеңгіліктер өтті», - дейді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері Әлібек Смағұлов.
Еске салайық, Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығы 0-18 жас аралығындағы балаларға шұғыл және жоспарлы хирургиялық көмек көрсетеді. Мұнда емдеудің инновациялық хирургиялық әдістері қолданылады, күніне 300-ден астам бала аурухананың қабылдау бөліміне жүгінеді.
Мұнда хирургиялық көмек, травматология, урология, нефрология, балалар неврологиясы, офтальмология және токсикологиялық көмек көрсетіледі. Орталықта сонымен қатар неонатальды хирургия бөлімі мен туа біткен патологиясы бар жаңа туған нәрестелерді күтуге арналған реанимация бөлімі бар. Орталықта еліміздің түкпір-түкпірінен күйік пен үсікке шалдыққан балалар жедел және оңалту емін алады.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы (ҚДСБ) баспасөз қызметі