“Алматы жастары” өңірлік бағдарламасы мегаполисте 2017 жылдан бастап іске қосылған. Биыл бағдарлама аясында 1100 азаматқа несие беру жоспарлануда.
Тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктері мен тұрғын үй құрылысы жинақ қаражаты жүйесі туралы «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында толығырақ айтып берді.
Естеріңізге сала кетейік, бағдарлама 35 жасқа дейінгі алматылықтарға өз пәтерін сатып алу үшін жеңілдікпен қарыз алуға мүмкіндік береді. 18 млн теңгеге дейінгі мөлшердегі қарыз жылдық 5% жеңілдікпен беріледі.
"Биыл барлығы 1100 жуық жас алматылықтарды қолжетімді шарттар бойынша несиелеу жоспарлануда. Үміткер тізімін қалалық әкімдік құрды, қазір олар төлем қабілеттілігін растап, пәтер таңдау процессінде. Банк қатысушыға заем алу туралы оң шешім шыққан күннен бастап баспана іздеуге 45 күнтізбелік күн уақыт береді. Пәтерді Алматы қаласындағы алғашқы немесе екінші нарықтардан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар нысандардан сатып алуға болады”, - деп атап өтті Д.Түсіпова.
Алматы әкімдігі мен “Отбасы банкінің” бірлескен жобасына 35 жасқа дейінгі/толған алматылықтар қатыса алады. Өтініштер Алматы қаласындағы мемлекеттік республикалық және қалалық ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтардың келесі санаттарынан қабылданады:
- дәрігерлер мен медбикелер;
- мұғалімдер мен тәрбиешілер;
- әртістер, жазушылар, суретшілер, композиторлар, мәдениет саласының қызметкерлері;
- жаттықтырушылар мен спортшылар;
- университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері;
- әлеуметтік сала қызметкерлері мен қалалық коммуналдық қызмет мамандары;
- құқық қорғау органдарының қызметкерлері (ҚР ІІМ, ТЖД, қалалық прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Экономикалық тергеу департаменті)
- журналистер мен БАҚ қызметкерлері (мемлекеттік және коммерциялық)
Үміткерлердің ресми жұмыс өтілі Алматы қаласында соңғы жарты жылдан кем болмауы тиіс.
"Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде еліміздің әрбір үшінші тұрғыны жастар санатына жатады. Сондықтан «Отбасы банк» облыс және қала әкімдіктерімен бірлесе отырып, арнайы жас отбасыларды қолдауға бағытталған бағдарламаларды қолға алды. Қазіргі уақытта 2,6 миллион салымшы болашақ баспаналарына Отбасы банкінде қаражат жинап жатыр, клиенттің орташа жасы – 35 жас. Яғни, қазақстандық жастар бізге сенеді және қазір біз оларға өз өнімдеріміз бен бағдарламаларымызды пайдалана отырып, үйлі боламын деген армандарын жүзеге асыруға көмектесіп жатырмыз", - деп бөлісті ол.
Спикер атап өткендей, “Отбасы банкінің” клиенттері депозиттер ашып, одан әрі баспана сатып алу үшін депозит ашып, сол жерде қаражат жинағанды жөн көреді. Осы жылдың басынан 273 465 қазақстандық жаңа жинақ шоттарын ашты.
Спикер “Отбасы банкімен” іске асырылатын тұрғын үй құрылысы жинақ қаражаты жүйесі одан әрі несиелеу үшін депозитте қаражат жинауға мүмкіндік беретінін еске салды.
"Оның классикалық ипотекамен салыстырғандағы бірегейлігі мен артықшылығы – бұл қазақстандықтарға жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша (ЖТСМ 3,6%-дан басталады) кредитке тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Мұндай мөлшерлемені бірде-бір екінші деңгейлі банктер ұсынбайды. Осылайша, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесі ипотекалық төлемдерді көтерімді етеді, ал артық төлемді барынша болдырмайды", – деді ол.
Тұрғын үй қарызы - бұл банктегі жинақ ақша шотында қаражат жинауды және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттың келесідей үш талабын орындауды көздейді:
- кем дегенде үш жыл жинақтау;
- шарттық соманың кемінде 50%-ын жинақтау;
- бағалау көрсеткішінің ең төменгі мөлшеріне (16) қол жеткізу.
Депозитте қаражат жинақталып жатқанда, банк оларға жыл сайын жылдық 2% мөлшерінде сыйақы есептейді және 200 АЕК-тен, яғни 690 000 теңгеден аспайтын сомаға 20% мөлшерінде мемлекет сыйлықақысы есептеледі. Егер бұл сома бір жылда жиналса, онда 2023 жылы ең көп сыйлықақы сомасы 138 000 теңгені құрайды.
Осылайша, шотта тұрғын үй құнының 50%-ы жинақталса, жетіспейтін 50%-ын банк жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша (ЖТСМ 3,6%-дан басталады) кредитке береді.
Банк қаражатты тиімді жинақтау үшін отбасылық пакетті пайдалануды ұсынады. Бұл жағдайда әр отбасы мүшесіне депозиттер ашылады, сонда әр салымға мемлекеттік сыйлықақы жеке-жеке түсіп отырады. Несие алуға өтініш білдіретін отбасы мүшесіне несие өтінімін берместен бұрын депозиттерді тағайындауға және біріктіруге болады.
Сонымен қатар, “Отбасы Банкінің” әскери қызметшілерге арналған “Жаңа баспана”, “Өз үйім” бағдарламасы, “Ұмай” әйелдер ипотекасы, “Жасыл ипотека”, “Корпоративтік өнім” сияқты жеке бағдарламалары бар.
Бүгінгі таңда ел бойынша салымшылар саны 2,6 млн асты. Биыл жартыжылдықта Отбасы банк 28 800 заем берді.