Алматыда жаңа оқу жылында алғаш рет мектепке 30 146 бала барады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева хабарлады.
Брифингте сөз сөйлеген басқарма басшысы биыл Қайрат шағын ауданында 1500 орындық №211 мемлекеттік мектеп ашылатынын атап өтті. 12 мемлекеттік мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде, 178 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілді.
“1-сыныпқа қабылдау 1 тамызда аяқталды. Бүгінгі таңда 30 146 бала қабылданды, оның ішінде жекеменшік мектептерге баратын – 3 789 бала. Орта білім беру ұйымдарында пәндік кабинеттердің 75,6% жаңартылды. Мектептерде барлығы 847 пәндік кабинет (химия, физика, биология, оның ішінде 640 кабинет заманауи жабдықтармен (жаңа модификациямен) жарақтандырылды, сонымен қатар 75 STEM және робототехника кабинеттері сатып алынды”, - деді Л. Жылқыбаева.
Сондай-ақ, ол жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында тағы 147 кабинет, оның ішінде: 34 химия, 31 физика, 39 биология, 23 STEAM және 20 робототехника сатып алынғанын, бұл жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша оқытуды тәжірибеге бағдарлауға мүмкіндік бергенін айтты.
“Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап “Мектеп автобусы” жобасы басталады. Бұдан бұрын біз мектепке баратын жолы қиын 1-11 сынып аралығындағы балаларды тасымалдау қажеттілігін талдаған болатынбыз. Жалпы тасымалдау қажеттілігі 12500 баланы құрайды. Бүгінгі күні 100 мектеп автобусын сатып алынды (сыйымдылығы 21 орындық 50 автобус және 40 орындық 50 автобус). Биыл біз қаланың 7 ауданынан 30 мектептен 7 722 баланы тасымалдаймыз. Ол үшін тасымалдау қызметтеріне бюджетте 1,4 млрд. теңге қарастырылған. Оны “АлматыЭлектротранс” жүзеге асыратын болады”, - деп бөлісті спикер.
1 қыркүйектен бастап барлық автобустар балаларды тиісті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, бекітілген маршруттар бойынша тасымалдайды. “Мектеп автобусы” жобасын іске асыру оқушылардың ата-аналарына көмектесуге, мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігін арттыруға және жол қозғалысы трафигіне жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігі мақсатында мектеп автобустарында 279 бейнебақылау камерасы орнатылды.
“Тағы бір ірі жоба - Кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізу. Биылғы жылдың соңына дейін барлық 214 мемлекеттік мектепте полицияның жедел басқару орталықтарымен интеграцияланатын “дабыл түймелерімен”, өткізу жүйесімен (турникеттер), өрт қауіпсіздігі жүйесімен, бейнебақылау камераларымен жабдықталған Кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізілетін болады. Бұл жоба жалпы құны 4,9 млрд теңге болатын үш жылдық сервистік модель шеңберінде қаржыландырылады”, - деді ол.
Сонымен қатар, екінші жыл қатарынан қала әкімдігі мектептердің 1-4 сынып балалары мен халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларды тегін тамақтандыру жобасын іске асыруда. Тегін тамақпен жалпы қамту 133 мыңнан астам оқушыны құрайды (немесе орта білім беру ұйымдарының жалпы контингентінің 45,3%). Жалпы 2023 жылға оқушыларды тамақтандыруға 20,4 млрд теңге қарастырылды. Бір күндік тамақтанудың құны – 800 теңге.
Биыл “Мектепке жол” республикалық акциясы жаңа оқу жылы қарсаңында 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында “Жақсылық жаса” ұранымен жүргізілуде.
Басқарманың мәліметінше, “Жалпыға міндетті оқу” қорынан мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алу үшін әр балаға 43 мың теңгеден халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 15 653 мың баланың ата-аналарының шоттарына жолданды (673,1 млн тенге). Сондай-ақ, акция аясында осы санаттағы балаларға демеушілер есебінен көмек көрсетіледі. Ол үшін оқу орны бойынша білім беру ұйымына өтініш беру қажет.