Бүгін Қазақстанның 20 миллионыншы азаматтары атанған Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келген балалардың ата-аналарына Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) сыйлық сертификаттарын табыс етеді.

Ұлттық статистика бюросының сайтында хабарланғандай, 3 ұл мен 2 қыз еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Олар 2023 жылы 14 қарашада таңғы сағат 8:10-да дүниеге келген.

Жаңа туылған балалардың ата-аналары өз қалаларындағы жақын жердегі банк бөлімшелеріне барып, Отбасы банкінің номиналды құны 2 000 000 теңгелік сыйлық сертификаттарын 3 ай уақыт аралығында қолдана алады.

- Біздің сыйлық сертификатымыз жай ғана сыйлық емес, ол бүгіннен бастап бүлдіршіндердің болашағын құруға мүмкіндік береді. Бұл қаражат еліміздің жаңа туған азаматтары үшін жеке баспана сатып алудың алғашқы қадамы болмақ. Қазіргі уақытта Отбасы банкінде 18 жасқа дейінгі балалардың атына ашылған 300 мыңға жуық депозит бар. Біздің банкте балалардың аттарына ашылған депозиттер өте қолжетімді несиеге айналған сәтті мысалдар да бар. 18 жасқа толған Отбасы банкінің 200-ге жуық клиенті тұрғын үй заемын алып, жеке үйлі немесе пәтерлі болып үлгерді. Сонмен қатар алдағы уақытта ата-аналардың балалар депозиттерін білім алу мақсатына жинақтау мүмкіндігі де болады. Жас қазақстандықтарға бақыт, бейбітшілік және жарқын болашақ тілеймін! Отбасы банк сізге қолдау көрсетіп, баспана мәселесін шешуге ат салысуға дайын», - деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Жас салымшылардың депозиттеріне де 2% банк сыйақысы мен 20% мемлекеттік сыйлықақы (200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомаға) төленеді. Қоса есептегенде бұл депозитке 14%-ға дейінгі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін береді. 18 жасқа толған кезде банк салымшылары бұдан да қомақты бонус алады – олар жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша тұрғын үй заемын алуға өтініш бере алады (ЖТСМ 3,6%-дан бастап).

Еліміздегі әрбір отбасының, қазіргі және болашақ ұрпақтың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін тағы бір маңызды жайт – «Ұлттық қор – балаларға» бірегей жобасын ресми түрде іске қосу туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Мемлекет басшысының қол қоюы.

Жобаның негізгі мақсаты – Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз мақсатты жинақ шоттарына аудару арқылы балаларға қолдау көрсету.

2024 жылдың ақпан айынан бастап 18 жасқа толған жобаның алғашқы қатысушылары өз төлемдерін алады.

Отбасы банк бұл жобаға уәкілетті операторлардың бірі ретінде қатысады.

Бұл бағытта банктің үлкен тәжірибесі бар, жобаны онлайн режимінде жүзеге асыруға дайын платформа жұмыс істеп тұр. Ол enpf-otbasy.kz деп аталады. Миллионға жуық қазақстандық осы платформаны пайдаланып, зейнетақы жинақтарын кезекте тұрмай, артық әбігерсіз нысаналы мақсаттарға қолданып келеді.

enpf-otbasy.kz платформасында жуарда «Ұлттық қор - балаларға» жобасының жеке бөлімі пайда болады. Оның көмегімен жобаға қатысушылар өздерінің жинақтарын белгіленген мақсаттар бойынша бағыттай алады.