Қазақстанда тұңғыш рет журналистер мен жапсарлас мамандық иелерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүддделерін қорғайтын кәсіподақ құрылды.
2023 жылғы 14 қарашада Астана қаласының Әділет департаменті «Айт!» бұқаралық ақпарат құралдары мен блогосфера жұмыскерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігіне заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманы тапсырды. «Айт!»-тың құрылтайшылары қатарында қоғамды ақпараттандыру саласында бірталай жыл жұмыс істеген танымал адамдар бар.
«Айт!»-тың мақсаты – БАҚ жұмыскерлерінің өздерінің кәсіби міндеттерін кедергісіз жүзеге асыруын жанжақты қолдау, журналистерді еңбек немесе ұжымдық келісім-шарт бойынша өзіне алған міндеттерін орындаудан қашқақтайтын жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттерінен заңмен және әлеуметтік жағынан қорғау. Қоғамдық бірлестік жұмысының тағы бір қыры – редакциялар (жұмыс берушілер) мен журналистер (жұмыскерлер немесе олардың өкілдері ретінде кәсіптік одақ) арасындағы ұжымдық келісім-шарт жобасын жасауға құқықтық көмек көрсету. Болашақта үшжақты (ҚР МАМ –жұмыс берушілер бірлестігі - кәсіптік одақтар) салалық келісім-шартқа қол қоюға жетуге ұмтылу қажет.
Әзірге «Айт!»-тың Алқасы шұғыл жұмыстар жоспарын жасап қойды. Оған сәйкес шығармашылық ұжымдар мен редакцияларда кездесулер өткізу, елімізде демократия мен жариялылық беки түсуіне мүдделі тұлғалар мен компаниялармен байланыс орнату, стратегиялық мақсаттар мен мәселелерді айқындау мен түсіндіру, редакциялар мен студияларда бастапқы кәсіподақ ұйымдарын ашу, журналистерге қарсы ашылған сот істеріне маманданған заңгерлерді кәсіподақ жұмысына тарту, өз мүшелерін сауаттандыру жұмыстары күтіп тұр. «Айт!»-тың Алқасы БАҚ-тар мен блогосфера жұмыскерлерінің құқықтарын қорғауды орнынан қозғауға қабілетті кезкелген ұсыныстар мен идеяларға ашықтығын жариялайды.
Қайрат Төлегенов
«Айт!» Төрағасы
т. 701-7307-333