Маусым ауысқан кезде адамда дәрумен тапшылығы туындайды, адамдардың 80% - на дейін осыған ұшырайды. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде №11 қалалық емхана директорының орынбасары Алмаш Ардабаева айтты.
Витамин тапшылығы денсаулықтың нашарлауына, иммунитеттің төмендеуіне және соның салдарынан ауруларға әкелуі мүмкін.
ӨКҚ сарапшысы «витамин тапшылығы» дегеннен гөрі, бұл құбылысты «гиповитаминоз» - ағзадағы дәрумендердің төмен деңгейі деп атаған дұрыс дейді. Бұл климаттың ерекшеліктеріне, өмір салтына және тағамға деген талғамға тікелей байланысты.
Көктемгі витамин тапшылығының белгілері:
- апатия және бұрын ләззат алған нәрселер мен әрекеттерге қызығушылықты жоғалту;
- суық тию және мұрыннан су ағу жиілейді;
- бір немесе бірнеше созылмалы аурулардың өршуі;
- ұйықтап кету қиындайды, ал таңертең ұйқыдан тұру одан да қиын болады;
- түнде сағат 2:30-дан 3:30-ға дейін жиі ояну;
- теріде безеудің пайда болуы немесе терінің шамадан тыс құрғауы;
- шаштың сынуы және тырнақтың бөлінуі;
- іш қату, бұзылу және гастрит түрінде асқазан-ішек жолдарында бұзылыстың пайда болуы;
- қызыл иектің кенеттен қанап кетуі;
- зейіннің болмауы;
- бастың жиі ауыруы;
- құлақтың шулауы және жеңіл бас айналу.
«Осы тізімдегі кемінде екі белгі болса, ол көктемгі авитаминозбен жедел күресу қажеттігін білдіреді», - деді Алмаш Ардабаева.
Көктемгі витамин тапшылығы ересектерде ғана емес, балаларда да көрінеді. Осы кезеңде адамның өзін қалай сезінетініне мән беру керек.
Дененің «витаминдік» әл - ауқатының маңызды кепілдіктерінің бірі – ол дұрыс және теңдестірілген тамақтану.
Сарапшы диетаға көбірек балық, жаңа сығылған шырындар, түрлі көкөністер, жемістер мен шөптерді қосуды ұсынады. Консервіленген тағамдардан бас тартқан жөн. Ағзадағы дәрумендердің деңгейін бақылау маңызды.
Теңдестірілген диетадан басқа, таза ауада жиі серуендеу және тұрақты спорттық жаттығулар витамин тапшылығын жеңуге көмектеседі.
«Есіңізде болсын, витамин тапшылығының назардан тыс қалған белгілері ауруханаға жатқызуға дейін апаратын медициналық араласуды қажет ететін ауыр ауруларға әкелуі мүмкін», - деп ескертті ол.
Дәрумен тапшылығы салдарынан болған ангина (тонзиллит), суық тию белгілері, мұрынның бітуі, құлақтың қабынуы (отит) сияқты аурулардан емделуде Лор-дәрігер көмектеседі.