«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында Алматы қаласының мектептерінде «Құстарға үй сыйлайық» акциясы ұйымдастырылды.

Акция аясында оқушылар мектеп ауласына құс ұяларын ағаштарға орнатып, табиғатқа қамқорлығын білдірді. Өйткен мұндай жылы әрі қонымды ұялар құстар үшін көктемгі мезгілде аса қажет. Осылайша қанатты достарына қамқорлық танытқан мектеп оқушылары 1000-нан аса жылы ұя сыйлады.

Айта кетерлік жайт, оқушылар құс ұяларын «Технология» сабағында мұғалімдердің жетекшілігімен табиғи ағаш қалдықтарын кәдеге жарата отырып, өз қолдарымен жасады.

Сонымен қатар бұл күні ұстаздар оқушыларға қанатты достары жайлы  көптеген қызықты ақпараттармен бөлісіп, құстардың қоршаған орта үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты сүюге тәрбиелеу, құстарды шақыру және қорғау, мектеп оқушыларының экологиялық көзқарасы мен табиғат алдындағы жауапкершілігін қалыптасыру, экологиялық мәдениетін арттыру, сонымен бірге табиғатты қорғау жұмысына араластыру болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуірде «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны басталды. Әрбір тұрғын қаланы дамыту мен көркейтуге үлес қоса алады.