Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыратын «Этноауыл» этнографиялық көрмесіне барды.

Құрметті меймандар көрмеде ұсынылған тақырыптық аймақтарды аралап, қазақтың дәстүрлі қолөнері, ұлттық киім үлгілері, тұрмыстық бұйымдары мен музыкалық аспаптарымен танысты. Сонымен қатар, олар халқымыздың бай тарихи-рухани мұрасынан сыр шертетін аңшылық дәстүрі мен кескіндеме өнеріне ерекше назар аударды.

Көрме аясында қазақтың ұлттық ойындары мен дәстүрлі салт-жоралары да көрсетілді. Бұл шара екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтып, Қазақстанның тарихи мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталды.

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының
Компьютерлік технологиялар кафедрасының медиажурналистика мамандығының
1-курс студенті Ақнұр Асқарқызы.