Астанада Astana International Forum аясында Corporate Chess Cup 2025 турнирі өтті. Бұл додада жеңіс тұғырынан көрініп, корпорациялар арасындағы шахматтан өтетін Әлем чемпионатына жолдама алған команда – ERG (Eurasian Resources Group).
Бүгінде әлем бойынша 700 мыңнан астам белсенді шахмат жанкүйері бар деген мәліметтер бар. Ал ФИДЕ ұйымы бұл санды 1 миллиардқа жеткізуді көздейді. Дегенмен шахматтың бұқаралық сипаты көбіне демеушілердің қолдауына тікелей байланысты. Сол себепті 2024 жылы Нью-Йоркте өткен корпорациялар арасындағы алғашқы Әлем чемпионаты (FIDE World Corporate Chess Championship) үлкен қызығушылық туғызғаны бекер емес.
2025 жылы бұл чемпионат екінші рет өтеді. Қазақстаннан бұл додаға ERG командасы қатысады. Ел ішіндегі іріктеу турнирі ретінде Corporate Chess Cup 2025 жарысы ұйымдастырылды. Оны Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) Freedom Holding Corp. және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (AIFC) қолдауымен өткізді.
Турнир 29 мамырда, сағат 14:30-да AIFC Сауда залында басталды. Шараға KazChess вице-президенттері, ФИДЕ президентінің кеңесшісі Берік Балғабаев, Түрікменстан шахмат федерациясының төрағасы Вепа Мяликгулыев және PythonAnywhere бұлтты платформасының серіктесі, @GRADIA-ның негізін қалаушы Конрад Хо қатысты.
Турнирдің жүлде қоры да айтарлықтай: жеңімпаз командаға FIDE World Corporate Chess Championship 2025 додасына жолдама және 1 миллион теңге табысталды. Күміс жүлдегер – 650 000 теңге, қола жүлдегер – 350 000 теңге иеленді. Барлық жеңімпаздар медаль және дипломдармен марапатталды.
Бас төреші Асылхан Караев турнирдің ережесімен қысқаша таныстырды. ҚР Мемлекеттік гимні мен ФИДЕ гимні орындалды. Турнирге 20 команда қатысып, әрқайсысы негізгі 4 ойыншыдан және 1 қосалқы ойыншыдан құралды. Ойыншылардың Эло рейтингі 2000-нан аспауы тиіс болды. Тур 10+2 уақыт бақылауымен швейцар жүйесі бойынша 7 айналымда өтті.
Турнир басынан-ақ фавориттер алға суырылып шықты: ERG (орташа рейтинг – 1884), «Қазмедиа Орталығы» ЖШС (1732), NCOC (1565) және Freedom Holding Corp. (1483). 3-турда ERG – Freedom Holding Corp. және NCOC – «Қазмедиа Орталығы» кездесулері өтті. Біріншісі тең аяқталса (2–2), екіншісінде «мұнайшылар» 3–1 есебімен жеңіске жетті.
4-турда NCOC тағы бір мықты қарсылас – Freedom Holding Corp.-ты 3–1 есебімен жеңіп, көшке шыққан еді. Алайда келесі турда ERG командасынан 1–3 есебімен жеңіліп, алғашқы орынды беріп қойды.
Алтыншы турда ERG – «Қазмедиа Орталығы» матчында есеп 4–0 болып, жеңімпаз анықталды. Соңғы турда Kazakhmys Group командасымен кездескен ERG 2½–1½ есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанды.
Турнир қорытындысы:
- ERG – 13 командалық ұпай, 22½ жеке ұпай;
- NCOC (North Caspian Operating Company) – 12, 21;
- Freedom Holding Corp. – 10, 18.
Бірден алты (!) команда 8 ұпай жинады, сондықтан олардың үшеуі үшін тек жеке ұпай ғана емес, Бухгольц коэффициенті де есептелді:
4. Astana Hub – 8, 16½; 5. Allur – 8, 15; 6. «Қазмедиа Орталығы БК» ЖШС – 8, 14½, 122; 7. Президент Іс Басқармасы Құрамасы – 8, 14½, 108½; 8. ҚР Ұлттық Банкі – 8, 14½, 99; 9. ForteBank – 8, 14.
ERG құрамында өнер көрсеткендер:
-
Әділ Досов – мотивация жөніндегі сарапшы
-
Дидар Ирманов – жабдықтар мен машиналарды жөндеу шебері
-
Баубек Қожаниязов – электр шебері
-
Мейрамбек Ақбалин – өндірістегі бригадир
-
Думан Оспанов – бизнес-талдаушы
Айта кету керек, осы Мейрамбек Ақбалин мен Баубек Қожаниязов есімдері «Форбс Қазақстан» сайтында 10 жыл бұрын жарияланған Хромтаудағы гроссмейстер Павел Коцур өткізген сеанс жайлы мақаладан белгілі.
Freedom Holding Corp. командасының құрамында KazChess президенті әрі компанияның CEO-сы Тимур Турлов екі турға қатысып, шахмат сүйер қауымға қызықты сәттер сыйлады.
https://chess-results.com/tnr1174938.aspx
Назира Бурханова