Грузияның Батуми қаласында 8, 10 және 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында FIDE ұйымдастырған шахматтан Әлем кубогы өз мәресіне жетті. Қазақстан атынан қатысқан жас шахматшылар тамаша нәтиже көрсетіп, ел қоржынына бір алтын және бір қола медаль салды, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.
Астана қаласынан келген Алиша Бисалиева 8 жасқа дейінгі категорияда чемпион атанды. Финалда ол FID өкілі Варвара Волкованы екі партияда сенімді жеңіп, алтын медальды қанжығасына байлады. Айта кетейік, Алиша бұған дейін 2025 жылғы мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионы (U9) атанған болатын.
Дәл осы жас санатында ұлдар арасында өнер көрсеткен Адинур Әділбек қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін болған матчта ол FID өкілі Богдан Калининді 1½–½ есебімен жеңіп шықты.
Қостанай облысының өкілі Иман Нәбиев те жақсы нәтиже көрсетті. 10 жасқа дейінгі жас санатында ол қола медаль үшін таласып, үндістандық Аарит Капилге жол беріп, төртінші орынды иеленді.
Турнирдің бірінші кезеңінде әр жас санатындағы қатысушылар орташа рейтингке қарай 24 адамнан тұратын екі топқа бөлініп, швейцариялық жүйе бойынша 7 тур классикалық уақыт бақылауымен (90+30) ойнады. Екінші кезеңде әр топта бірдей орын алған ойыншылар өзара матч ойнап, классикада екі партия, тең болған жағдайда рапид (15+2), әрі қарай блиц (3+2) форматында бірінші жеңіске дейін жарысты.
Батумидегі бұл жетістіктер – қазақстандық кадеттердің әлемдік аренадa өз орнын ойып алуға дайын екенін көрсетеді. Жас шахматшылардың табысы – олардың дарыны мен еңбексүйгіштігінің айқын дәлелі. Қазақстан шахматының болашағы – жарқын!